Алматыда Тұңғыш Президент паркінде интерактивті «сөйлейтін» орындық пайда болды. Орындықтар белгілі қазақ ақындарының өлеңдерін оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осындай интерактивті орындықтар Бостандық ауданында бірнеше жерде қойылатын болды.
«2019 жылы «Қатысу бюджеті» жобасына сәйкес Бостандық ауданының тұрғындары 2 235 млн теңге сомасына 47 ұсыныс енгізген болатын. Олардың ішінде құны 963,7 млн теңгеге 34 жоба дауыс беруге жолданды. Бүгінде осы жоба аясында ҚР Тұңғыш Президенті паркінде 1 интерактивті орындық қойылған. Қазір тұрғындардан өтініш көп түсіп жатыр. Бір орындық құны 1 млн теңге шамасында», - деді бүгін онлайн брифинг барысында Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Серік Әділбаев.
Орындықтың ішінде аудиожүйе орнатылады. Оған белгілі тарихи тұлғалардың биографиясы, әндер мен өлеңдер жазылады. Адам орындыққа отырған кезде аудио қосылады.
«Одан бөлек, «Open Almaty» порталында ашық дауыс беру арқылы 3 жоба жеңімпаз атанды. Құны 9,5 млн теңге болатын Workout аймақ пен балалар алаңы құрылысы, Жароков 284/1 мекенжайындағы құны 6,6 млн теңге болатын балалар ойын алаңы, құны 1,7 млн теңге Togizkumalak Smart nation жобасы. Бостандық ауданы әкімдігінің аппараты 2020 жылы осы жобаларға 14,3 млн теңге қарастырды. Жобалардың барлығы қазір аяқталып қалды», - деді Серік Әділбаев.