«Тәжік еңбек мигранттары» жалпыресейлік қоғамдық қозғалысының басшысы Каромат Шариповтың айтуынша, Тәжікстанда мемлекеттік төңкеріс және азаматтық соғыс орын алуы мүмкін. Сарапшының мәлімдемесі кеше ресейлік «Национальная служба новостей» порталында жарияланды.
Сөз барысында Шарипов қазіргі тәжік президенті Эмомали Рахмонды да сын астына алды. «Ол елдегі проблемалардан хабарсыз. Бізге халықтан қаншама өтінім келеді, көмек сұрап жатқан адамдар санында есеп жоқ... Соғыс әлі алда», — дейді Шарипов.
Естеріңізге салайық, 22 мамырда Тәжікстанда референдум өтіп, халық конституцияға енгізілетін өзгерістерге өз дауыстарын берді. Дауыс беруге келгендердің 94,5 пайызы аталған өзгерістерді қолдайтынын білдірген.
Конституциядағы өзгеріс деп отырғанымыз — президент Эмомали Рахмонның өмірінің соңына дейін ел басқаруына рұқсат беру, президентікке үміткерлердің жасын 35-тен 30 жасқа дейін төмендету және елде ұлттық немесе діни ұйымдар құруға тыйым салу.
Осылайша, Эмомали Рахмонның ұлы Рустам 2020 жылы өтетін президенттік сайлауға қатыса алады.