$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандық әуе компаниясы «Ливияға заңсыз қару-жарақ тасымалдады» деп айыпталды

Ливиядағы азамат соғысы 2011 жылы басталған болатын. Содан бері елде үкіметтік күштер мен ұлттық әскер арасындағы қақтығыс тыйылмай тұр.
фото: pixabay.com
фото: pixabay.com

Қазақстандық әуе компаниясы Еуроодақ санкциясына ілікті. Sigma Airlines компаниясына Ливияға қару-жарақты заңсыз тасымалдады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Телеарна мәліметінше, БҰҰ ішкі қақтығыстардан көз ашпай келе жатқан Ливияға қару-жарақ жеткізу немесе қолдау көрсетуге қатаң тыйым салған. Қазір отандық әуе компаниясының қылмыстық әрекетке тікелей қатысы бар-жоғын халықаралық ұйым бүге-шігесіне дейін тексеріп жатыр. 

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель санкциялық тізім бекітілгенін айтты.

"Бүгін санкциялық тізім бекітілді. Адам құқығын бұзған екі жеке тұлға және БҰҰ-ның эмбаргосын бұзған үш әуе компаниясына санкция салынды. Еуропалық одақ адам және халықаралық құқықтарды сақтамағандарды жауапкершілікке тартуға тырысады. Сондай-ақ, Ливияға қару-жарақ тасығандарды тоқтатуға күш салады", - деді ол.

Телеарна дерегіне сүйенсек, арна тілшілері мән-жайды білуге басы дауға қалған әуе компаниясының Алматыдағы кеңсесіне барған. Бірақ мекеме қызметкерлері жауап беруге құлықсыз. Камераны көрген олар жан-жаққа қашып, кабинеттеріне тығылып әлек болды. Компания басшысы тек телефон арқылы тілдесуге келіскен.

Өмірбек Жарменұлының айтуынша, Sigma Airlines 15 жылдан бері әлемнің түкпір-түкпіріне жүк тасыған. Компанияның ұшақтары қазір Бірікке Араб Әмірліктерінде тұр екен. Ал "Ливияға халық тұтынатын тауар тасымалдадық" деген директор Еуроодақтың таққан кінәсін жоққа шығарды. 

"Сол жаққа 2019 жылдары ұшып жүргенбіз. Ливияға халық тұтынатын тауар тасымалдадық. 2019 жылы өзім тоқтаттым. Өйткені қақтығыс ушығып кетті. Мен құзырлы органдардан ресми жауап күтіп отырмын. Егер жауап бермесе, менікі 100 пайыз дұрыс деген сөз", - деді Sigma Airlines ЖШС атқарушы директоры Өмірбек Жарменұлы.

Азаматтық авиация комитеті санкияға іліккен әуе компаниясына қатысты тексеру жүріп жатқанын жеткізді. Ал компанияның ұшу сертификаты үш үй бұрын тоқтатылыпты.

"Өйткені Sigma Airlines халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарын орындамады", - дейді құзырлы органдағылар.  

"Сертификатқа қатысты тексеру жүргізілді. Сол тексеруге қарап, ол әуе компаниясының сертификаты 29 мамырда тоқтатылған. Қазір қауіпсіздік кеңесі тексеріс жасап, өздері жұмыс істеп жатыр, - деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов.

Ливиядағы азамат соғысы 2011 жылы басталған болатын. Содан бері елде үкіметтік күштер мен ұлттық әскер арасындағы қақтығыс тыйылмай тұр. Қос тарапқа ірі державалар қаруды әуе, құрлық және теңіз жолдары арқылы тасымалдап келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары