Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Асыл мұра» тележобасы аясында «Сыр даласындағы ұлы ақынның жиен ұрпақтары» атты бейнетаныстырылым көрсетілді. Жобаның кезекті шығарылымында қазақтың бас ақыны Абайдың Сыр өңіріндегі жиен ұрпақтарымен сұхбат жүргізіліп, тың ақпараттар берілді.
«Сырдария ауданына қарасты Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғындары Ұлы Отан соғысының ардагері, Абайдың аталас жиен ұрпағы Ахметбек Іскендіровтің ауыл шаруашылығына сіңірген елеулі еңбегін, бағбандығын күні бүгінге сағына еске алады. Соғыс ардагері өңірдің шаруашылығына ғана емес, мәдени өміріне де араласып, ұлттық құндылықтарды сақтауға атсалысқан. Соның бір дәлелі ретінде Жидебайдан Сыр еліне жиентарту ретінде жеткен ғасырлық тарихы бар Абай тұтынған шкафты 2006 жылы аудандық өлкетану музейіне қарияның өз қолымен табыстауын айтуға болады», - делінген бейнетаныстырылымда.
Ахметбек Іскендіровтің қызы Қалдыгүл Ахметбекқызы бала күнінде Абайдан сыйға берілген шкафтың үйінің төрінде тұрғанын айтады.
«Анамның дүниесіне келген қоңыр-қызыл, шие түсті шкафтың түрі әлі көз алдымда. Ағайынды екі үйдің балалары бір жерде өстік. Әжеміз көзі тірісінде оған барлық кітаптарымызды салғызатын. Бауырларымның бүкіл кітабы сол шкафтың ішінде жиналып тұратын. Әкеміз де, анамыз да бұл бағалы дүниенің Абайдың мұрасы екенін үнемі айтып отыратын. Әкем 80 жасқа келген кезінде оны музейге өткізді. Сол сәтте менің ішімде өкініштің болғаны рас. Ал әкем болса: «Құнды дүниені бір адам көргеннен мың адам көрген жақсы» деген еді. Бәлкім, әкем ұлы тұлғадан жеткен құнды затты жастар бағалай алмай, әр жерде қалып қоя ма деп те ойлаған шығар», - дейді Абайдың жиен ұрпағы.