Алматы – Ұланбатыр бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылды, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия үкіметінің атқарушы агенттігі – Азаматтық авиация бас басқармасы және "Хунну эйр" әуе компаниясының басшылығымен бірге Алматы – Ұланбатыр әуе қатынасын ашу туралы конференцияға қатысты.
"Елші Қазақстанның ең ірі мегаполисі мен Моңғолияның астанасы арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуымен құттықтады. 2019 жылдың 10 қазанында Нұр-Сұлтанда өткен екі елдің премьер-министрі арасындағы келіссөздер барысында көтерілген әуе қатынасын ашу жөніндегі келісімнің орындалғанын айтты", - делінген ақпаратта.
Бұл әуе бағыты екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік саладағы байланыстың қарқынды дамуына мүмкіндік береді.