Бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризі бойынша дауыс беру басталды. Сағат 20.00-дегі мәліметке сәйкес республика көлемінде 157 мың партиялық дауыс берді. Бұл – «Праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркелгендердің бестен бірі, яғни 22%-ы. Бұл туралы партияның хатшысы Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақпараттық жүйеге түскен салмақ азайған жоқ, қарбалас жалғасуда. Орташа алғанда бір мезетте 100 мыңнан астам сұраныс түсіп жатыр, яғни осынша адам бір сәтте дауыс беру үшін не дауыс беру барысын қадағалау үшін жүйеге кіріп отыр деген сөз. Жүйенің жұмысы қалыпқа түсті, бірақ барлық процестердің баяулауы байқалады», - деп жазды партия хатшысы.
Оның айтуынша, IT-мамандар байланыс арналарын кеңейту және «Праймериз» жүйесінде сұраныстарды өңдеу мүмкіндіктерін арттыру бойынша тыңғылықты жұмысты одан әрі жалғастырады.
Естеріңізге сала кетсек, бұл – Қазақстанда тұтас ел көлемінде өтіп отырған тұңғыш онлайн-дауыс беру.