"Nur Otan" праймеризде дауыс беруге мәжбүрлегені үшін Түркістан облысының партия мүшелерін жазалады.
Партиялық бақылау комитеті әлеуметтік желіде тараған Түлкібас ауданының партия мүшелерін праймеризде белгілі бір үміткерлерге дауыс беруге мәжбүрлеу туралы ақпаратты тексерді.
Тексеру қорытындысы бойынша Түлкібас ауданына қарасты Сартөбе кентіндегі мектептің директоры Гүлжан Әмірбекова білім ордасындағы ұстаздарын бірқатар үміткерлерге, оның ішінде жұбайына дауыс беруге мәжбүрлеп, праймериз өткізу ережелерін өрескел бұзғандығы анықталды, деп хабарлады "Nur Otan" партиясының баспасөз қызметі.
"Түлкібас аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы "Сартөбе" БПҰ-ға Гүлжан Әмірбекованы "Nur Otan" партиясының қатарынан шығаруды ұсынды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, партияішілік іріктеу өткізу жөніндегі облыстық ұйымдастыру комитетінің шешімімен оның жұбайы Нұрлан Әмірбеков праймериз үміткерлері қатарынан шығарылды. Сондай-ақ, партияның Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуатбек Еркебаевқа қатысты партиялық тәртіптік жаза қолданылды.