$ 494.87  520.65  4.91

«Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына тексеру жүргізілместен жәрдемақы берілсін» - президент

Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда – 131 әйел қайтыс болыпты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді?
фото: КТК.kz
фото: КТК.kz


Мемлекет басшысы Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін де көрсетуді ұмытпауға тиіс ескертті. Бұл жайлы ол коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес барысында айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Президенттің сөзінше, Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кеткен. 

Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда – 131 әйел қайтыс болыпты. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл өте өзекті сұрақтар. Оларға әкімдер жауап беру керек.

Сондай-ақ ол, "Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын.

Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкімдерді, жалпы Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ. Президент Әкімшілігіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырамын", - деді.

Оған қоса, президент жауаптыларға коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына төлем беруді тапсырды.  

"2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес, індет кезеңінде коронавирустан 182 медицина қызметкері қайтыс болды. Қазір бұл жағдайлар түрлі комиссияда қаралып, өтемақы тек 37 ғана отбасыға төленген. Мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Фактіден кейін өлімнің себептерін анықтау көптеген қиындық тудырады, соның ішінде этикалық. Осыған байланысты Үкіметке осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі тергеу жұмыстарын жүргізбей, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды төлеу тапсырамын", - деді Тоқаев.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары