Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков парламенттің жаңа спикері Мықтыбек Абдылдаевпен импичмент мәселесін талқылады, - деп хабарлайды 24.kg.
"Сооронбай Жээнбеков, бұрын айтқанымдай, түрлі саяси күштердің өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бүгін Жоғарғы кеңестің төрағасы Мықтыбек Юсуповичпен телефон арқылы сөйлесті", - деді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева.
Оның мәліметінше, Жээнбеков ЖК спикерін кездесуге шақырған. "Сооронбай Жээнбеков оған заңды орган - Жогорку Кенеш - және заңды президент ретінде құқықтық алаңға оралу процесін жеделдетеді және елді күту режимінен шығарады деген үміт артады", - деп атап өтті ол.
"Келіссөздер барысында парламент қабырғасында талқыланып жатқан импичмент мәселесі де қозғалды. Президент қазір жағдайды құқықтық алаңға қайтару, кадрлық тағайындаулар жүргізу, конституциялық өкілеттіктер шеңберінде өз миссиясын орындау маңызды мәселе екенін атап өтті. Бұдан кейін Сооронбай Жээнбеков осы және басқа да қалған мәселелерді, соның ішінде өзіне қатысты мәселелерді талқылауға дайын", - деп хабарлады Толгонай Стамалиева.
Қырғыз республикасының басшысы Мықтыбек Абдылдаевты кездесуге және келіссөздер үстелінде барлық мәселені шешуге шақырды.
Сондай-ақ, Толгонай Стамалиева Сооронбай Жээнбековтің ешқайда кетпегенін, Бішкекте екенін еске салды.
Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер 5 қазанда басталды. Мыңдаған адамдар парламенттік сайлау нәтижелеріне наразылық білдіріп митингіге шықты. Осылайша 6 қазанда ОСК сайлау нәтижесінің күшін жоюға мәжбүр болды.