Ақтөбеде ұзақ уақыт бойы жалған шот-фактура жазумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитеті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комитеттің Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу басқармасы «СТОП-Обнал» жедел профилактикалық шаралар шеңберінде ұзақ уақыт бойы нақты жұмыс жасамай, қызмет көрсетпей және тауарларды жөнелтпей жалған шот-фактура жазумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті.
«Күдіктінің достары мен туыстары атына тіркеліп, басқа да серіктестіктерге қызмет көрсетілді немесе тауар жеткізілді деген дерекпен 15 кәсіпорынды тіркеуге/қайта тіркеуге қала тұрғынының қатысқаны анықталды. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық мен бюджет төлемдер түрінде 3,5 миллиард теңгеден астам көлемде аса ірі залал келтірген», - делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің ҚК 216-бабы 3-бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.