Ресми деректер бойынша, денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің саны 253 883 адамды құрайды, оның ішінде 74 046 – дәрігерлер, 179 837 – орта медициналық персонал. Бұл жайлы Skifnews.kz ақпарат порталы, Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлік кадрлардың 1,5% - ға және орта медициналық қызметкерлер санының 2,6% - ға өсуі байқалады.
Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында кадрлармен қамтамасыз ету жоғары көрсеткішке ие. Дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз етудің төмен көрсеткіштері Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында байқалады. Республика өңірлері бөлінісінде дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші 24,5-тен 75,9-ға дейін ауытқиды, бұл облыстар бойынша ресурстарды бөлудегі теңгерімсіздікті көрсетеді. Бұл айырмашылық көптеген факторларға байланысты: медициналық ұйымдар желісінің дамуы (мәселен, медициналық ұйымдардың ең көп саны Нұр-сұлтан мен Алматыда шоғырланған), медицина қызметкерлерін бекіту үшін жағдайлар жасау және т. б.
Ағымдағы жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша дәрігер кадрларының тапшылығы 5 201 бірлікті құрады, Қостанай облысында ең жоғары қажеттілік – 624 штаттық бірлік.
Жас мамандарды өңірлерге бөлгеннен кейін кадрлар тапшылығы мәселесінде оң динамика байқалады: 10 қыркүйектегі жағдай бойынша республика бойынша қажеттілік 1 079 бірлікке азайды. Ең үлкен алшақтықты Қостанай облысынан байқауға болады, онда кадрларға қажеттілік 52% - ға азайды.
Қорыта келгенде, бүгінгі күні елде дәрігер тапшылығы 4 122 бірлікке тең.
Орта медицина қызметкерлеріне тапшылық 8 583 бірлікті құрайды.
2019 жылмен салыстырғанда кадрлардың тұрақтамауының шамалы оң серпіні байқалады. 2020 ж. 10 қазандағы жағдай бойынша барлық ведомстволарды есепке алғанда, жұмыстан босатылған медицина қызметкерлерінің (дәрігерлер және орта медицина қызметкері) саны 31 129 құрады. Оның ішінде дәрігерлер – 10 669 және ОМҚ – 20 460. Бұл 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9,3% – ға төмен (барлығы 34308 адам, оның ішінде дәрігерлер – 10836 адам, ОМҚ-23472).
Медициналық ЖОО, ҒЗИ, ҒО бойынша 2020 ж. жалпы шығарылым 7 910 адамды құрады. 5 551 түлек ауылдық квотаны қоса алғанда, мемлекеттік грант бойынша оқуды аяқтады.
Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе облысында байқалады. Жұмыспен өтеуден босатылған түлектерді есептегенде, Ақтөбе облысына 111 адам жіберілді, осы өңірде 100 жас маман жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында бөлінген 158 жас маманның 138-ін (87 %), Павлодар облысында 80 түлектің 68-ін (85%) жұмысқа орналастырылды.
Жұмысқа орналастыру көрсеткіші ең төмен өңір Ақмола облысы (52%), бағытталған 88 болашақ медицина қызметкерлерінің 46-сы жұмысқа тұрды.
Жалпы практика дәрігерлері сұранысқа ие мамандар болып қала береді, оларға республика бойынша тапшылық 652 штаттық бірлікті құрайды. Анестезиолог-реаниматологтар еңбек нарығында сұранысқа ие, бұл мамандарға деген қажеттілік 360,5 штаттық бірлік.