Батыс Қазақстан облысында балақбақша тәрбиешісі коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Облыстық бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, өңірде жалпы 6 903 адам COVID-19 жұқтырған. Оның 3491-і симптомсыз науқастар. Арыспаев облыста короновирус жұқтырғандар саны артып келе жатқанын атап өтті. Тек соңғы 4 тәулікте 18 адам ауру жұқтырған.
"Соңғы 4 тәулікте ауру жұқтырғандарға тоқталайын. Олардың арасында 75-80 жастағы адамдар, БҚО тұрғындары мен Ресейден келген азаматтар бар. Бөрлі ауданында балақбақша тәрбиешісінен коронавирус анықталды. Балабақшада карантин жарияланды. Бүгін, 16 қазанда ондағы тәрбиешілер мен балалардан және ауру жұқтырған науқастың туыстарынан ПТР-тест алынады", - деді Мұхамғали Арыспаев.
Сонымен қатар, облыстық бас санитар дәрігер Ресейде COVID-19 жұқтырғандар санының өсуіне байланысты Батыс Қазақстан облысындағы 4 шекара бекетінде карантин талабы күшейетінін айтты.