Щучье қаласында жол апатынан қаза тапқан полиция қызметкерлері Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидулин бүгін жер қойнына тапсырылды. Қызмет бабында жүріп мерт болған қос азаматтың әрқайсысының отбасына 11 миллион теңгеден бір реттік жәрдемақы төленетін болды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жолда желіккен бай баласының кесірінен бүгін ана – баласынан, әйел – жарынан, бала – әкеден айырылды. Туыстары, жақындары мен әріптестері бүгін екі бірдей азаматты ақтық сапарға шығарып салуға жиналды. Көп жылдан бері құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарған Қанат Отарбаевтың артында әйелі мен үш баласы, ал Қанат Хамидулиннің 7 жасар ұлы мен аяғы ауыр әйелі қалды.
Мемлекеттен бұл отбасыларға қаржылай көмек және балаларға қамқорлық қарастырылмақ. Балалардың кәмелет жасына толғанша санитарлық-медициналық тегін көмек алуына, әскери оқу орындарына, кадет корпусына конкурссыз қабылдануына мүмкіндік беріледі.
"Бұл тек олардың жақындарына емес, біз үшін де, барлық полиция қызметкерлері үшін ауыр қаза. Олар екеуі де ісіне адал, кәсіби маман еді. Арттарында әйелі, шиеттей балалары қалды. Отбасына барынша жан-жақты көмек көрсетеміз", - дейді Ақмола облыстық ПД бастығы Арманбек Баймурзин