$ 449.58  486.94  4.86

Қырғызстанда жұма намазы үшін жұмыс уақыты ұзаруы мүмкін

Қырғызстанның Жогорку Кенеш депутаты, «Онугуу-Прогресс» партиясының өкілі Тазабек Икрамов жұма күннің жұмыс уақытын бір сағатқа созуды ұсынып отыр. Оның айтуынша, бұл күні мұсылмандардың жұма намазға баруына қызметі кедергі болмауы керек. Депутаттың бұл бастамасын қолдаушылар аз болған жоқ. Қазір Еңбек кодексіне түзету енгізу ұсынысы Жогорку Кенешке жіберілді.

Еңбек кодексіне енгізілгелі отырған бұл өзгертулер жедел қызмет көрсету (ТЖМ, жедел жәрдем, полиция, әскер), білім беру салаларына қатысты емес. Өйткені, аталған құрылымдардың қызметі Қырғызстанның дамуына, тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты.

«Қырғызстанның зайырлы ел екеніне қарамастан ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері ел тұрғындарының арасында ислам дінін ұстанушылар саны еселеп өсті, бұл діннің халық ішіндегі ролі де артып отыр. Ел тұрғындарының 85 пайызы бүгінде мұсылмандық жолымен жүріп, парыздарын орындап жүр. Осындай парыздардың бірі - жұма намазға барып, құлшылық ету. Бұл аптаның жұмасында түскі ас уақытында орындалатын діни рәсім. Мешіттерге бару үшін қызметкерлер жұмысқа кешігуге мәжбүр. Мұның соңы кейде сөгіспен, кейде жұмыстан шығарумен аяқталып жатады», - дейді депутат Тазабек Икрамов.

Қырғызстанда түскі астың уақыты сағат 13:00-14:00 аралығында. Ал, жұма намазы 13:30-да басталып, 14:00-де аяқталады. Сондықтан, бұл күні түскі ас уақытын бір сағатқа созып, есесіне кешкі жұмыс уақытын да тиісінше ұзарту керек дейді халық қалаулысы. Яғни, бұған дейін жұмыс уақыты 18:00-де аяқталса, жұма күні қызметкерлер 19:00-де дейін жұмыс істеуі керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары