$ 442.05  474.14  4.74

Рухани кеш Әл-Фарабидің діни-философиялық туындыларына арналды

Фарабитанушы ғалым Тасболат Сиезбайұлы Әл-Фараби бабамыздың ерекшелігі Құран Кәрімді басшылыққа алғандығында дей отырып, ғұламаның «Қайырымды қаланың тұрғындары» шығармасы жайлы тарқатып айтып берді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Қызылордадағы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №18 кітапханада «Ойшылдың діни-философиялық туындылары» тақырыбында рухани кеш  өтті.

Кеш барысында «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, ғалым Тасболат Медетбаев және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбаев, аталған университеттің философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Амангелді Жанбатыр өз пікірлерімен бөлісті. 

Фарабитанушы ғалым Тасболат Сиезбайұлы Әл-Фараби бабамыздың ерекшелігі Құран Кәрімді басшылыққа алғандығында дей отырып, ғұламаның «Қайырымды қаланың тұрғындары» шығармасы жайлы тарқатып айтып берді. Ал Тастанбек Яхияұлы Әл-Фарабидің көзқарасы, трактаттары жөнінде мәлімет берді. 
«Әлемнің екінші ұстазды атанған Әл-Фарабидің қоғамдық-саяси, діни және басқа бағыттағы көзқарастарын зерттеу үлкен жұмыс. Әл-Фараби барлық еңбектерінде ислам дінінің қағидаттарына қайшы келмейтін пікірлерін білдіріп отырған. Бір ғалымдардың пікірінше Әл-Фараби 200-дей трактат жазған дейді. Ал, Стейн Шнейдер деген неміс ғалымы тракттар санының 117 екенін айтқан. Осы тұрғыда ресми діни өкілдермен қарама-қайшы көзқарасты көруге болады. Дегенмен де, Әл-Фараби өмірінің соңына қарай, әсіресе халифтің маңайында жүрген кезінде салқын көзқараста болған. Бұл туралы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» еңбегінде тарқатып жазылған. Әл-Фараби үшін фанатизм жат болды. Осыған сәйкес Фарабитанушы ғалымдардың пікірлері де бар. Ол барлық дінге бірдей көзқарас танытып, олардың құндылықтарының бір екеніне назар аудару арқылы зайырлы сипатты ұстанған. Бірақ, ғұламаның ислам дініне басымдық бергені рас», - деді профессор Тастанбек Сәтбай.  

Жастарға және барлық оқырманға Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегін оқуды ұсынған ұстаз Амангелді Жанбатыр ойшылдың философиясы төңірегінде ой қозғады. 

«Әл-Фараби бабамыздың тарихи, мәдени, рухани мұрасы өте зор. Өйткені, Әл-Фараби – әлемдік ұлы тұлғалардың бірі, адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы ойшыл. Ұлы ғалым ежелгі ортағасырлық Қазақстан топырағында дүниеге келген. Білім жолын қуған ғұлама Бағдат, Шам, Дамаск секілді бірқатар қалаларды аралады. Әл-Фарабидің діни-философиялық еңбектеріне келсек, ғұламаның діни түсінігі Құран мен сүннетке сәйкес, екінші жағынан философиялық сипаттамада беріліп отырған. Әл-Фараби Аристотель философиясын шығысқа таратушы болды. Бұл жерден қайшылық іздеуге болмайды. Өйткені, Шығыс ғұламасы ғылымды да, дінді де ерекше құрметтеген», - деді оқытушы. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#әлФараби