Алты партияның төртеуі қазіргі уақытта сайлауға қатысуға ниет білдірді. Қалғандары не партияның съезін күтуде, не ресми мәлімдеме әзірлеуде.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің төменгі палатасына сайлауды келесі жылдың 10 қаңтарына белгіледі. Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Олардың үшеуі– Nur Otan партиясы, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (ҚХКП) мен "Ақ жол" партиясының фракциялары қазіргі кезде мәжілістің құрамында жұмыс істеуде.
Парламенттік сайлауға қатысатынын растау үшін партиялар съезд өткізуі керек. Мәжіліс сайлауына қай қазақстандық партия қатысуды көздеп отыр, кім съездің күнін белгіледі? Sputnik Қазақстан сұрап білді.
Nur Otan партиясыNur Otan партиясының баспасөз қызметі барлық шешім партияның съезінде қабылданатынын жеткізді.
Съездің нақты күні әлі белгісіз. Бұл туралы қосымша хабарланады, деп атап өтті баспасөз қызметі.
Өздеріңіз білетіндей, қазан айының басында Nur Otan партиясы партиялық ішкі праймериз өткізді. Оған 11 мыңға жуық үміткер қатысты.
Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясыПартия төрағасы Азат Перуашев "Ақ жол" президенттің мәслихаттар мен мәжіліс депутаттарының сайлауын өткізу туралы шешімін құптайтынын және қолдайтынын мәлімдеді.
"Ақ жол" демократиялық партиясы Қазақстанның жетекші саяси ұйымдарының бірі ретінде осы сайлауға қатысатынын мәлімдейді. Біз құрылған кезден бастап барлық парламенттік сайлауға қатыстық. 2004 жылы "Ақ жол" партиялық тізім бойынша 12% дауысқа ие болды, ал 2012 жылдан бастап мәжілісте үнемі парламенттік фракция құрып келеді", - делінген мәлімдемеде.
"Ақ жол" мәслихат пен мәжіліс депутаттарының сайлауы конституциялық мерзімде өтетінін, саяси партиялардың депутаттыққа ұсынатын кандидаттар тізімі "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес жасалатынын атап өтті. Яғни, тізімге жастар мен әйелдерді қосу бойынша 30% мөлшеріндегі квота сақталады.
"Мәжіліс мен мәслихат депутаттарының сайлауын бір мезгілде өткізу мемлекеттің ұйымдастырушылық және қаржылық ресурсын оңтайландыруға мүмкіндік береді, бұл қазіргі экономикалық жағдайда айрықша маңызға ие", - деп есептейді Перуашев.
Сондай-ақ, партия пандемия қаупінің әлі де сақталуына және басқа да сыртқы сын-қатерлерге байланысты туындаған қиындықтарды атап өтті. Ол сайлау органдарын, басқа партиялардағы әріптестері мен сайлаушыларды сайлау науқаны кезінде барлық қауіпсіздік шарасын сақтауға, сондай-ақ әділ және ашық сайлау өткізуге шақырады.
Sputnik Қазақстан тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Азат Перуашев дауыс беру күніне бір ай қалғанда сайлауалды үгіттеу шарасы басталатынын, бұл уақытқа дейін партияның съезі өтетінін айтты.
Алдағы сайлауда партия қанша орынға үміттеніп отыр деген сауалға Перуашев "партияны күшейту жоспарланып отыр, бірақ барлығын сайлаушылар шешеді" деп жауап берді.
Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (ҚХКП)ҚХКП да алдағы сайлауға қатысатынын мәлімдеді.
"Бізде тең күрес жүргізу үшін барлық қажетті ресурс бар және біз жеңіске жетуге деген сенімділікпен сайлау науқанына кірісуге дайынбыз", - делінген партияның мәлімдемесінде.
ҚХКП-ның баспасөз қызметі партияның саяси бюросының отырысы 23 қазанда өтетінін хабарлады.
"Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы"Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы 21 қазан, сәрсенбіде шешім қабылдайды. Ол партияның сайтында жарияланады.
"Ауыл" партиясының саяси кеңесінің төралқасы Тоқаевтың шешімін құптап, сайлау туралы мәлімдеме жасады.
"Бұл дұрыс қадам, ол коронавирус пандемиясына қарамастан, біздің елдің барлық азаматына конституциялық таңдау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сайлау - кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының ажырамас бөлігі саналады", - делінген хабарламада.
Алдағы сайлау конституциялық мерзімде және белгілі бір жаңашылдықтармен өткізіледі, мысалы, әйелдер мен жастарға арналған 30%-тік квота, парламенттік оппозиция институтын енгізу, сондай-ақ партиялық тізім бойынша мәслихаттарды сайлау.
"Біз халықтың көп бөлігінің мүддесін білдіретін партия ретінде бұл шара халықтың саяси партиялар институтына деген сенімін күшейтеді деген сеніміміз бар. Алдағы сайлау халықтың жаңару талабына жауап беретін көппартиялы парламенттің қалыптасуына ықпал етуі қажет деген сенімдеміз", - деп есептейді "Ауыл".
Партия көппартиялы парламент уақыт талабы екенін, бұл Қазақстанның саяси жүйесін модернизациялаудың жаңа кезеңі саналатынын атап өтті.
"Біз барлық саяси партия арасындағы әділ және бәсекелі күрес, сайлау процесі мен дауыстарды санаудың ашықтығы ғана Қазақстанның одан әрі дамуына кепілдік береді деп есептейміз", - деп қорытындылады Ауыл.
"Бiрлiк" саяси партиясы"Бірлік" саяси партиясы мемлекет басшысының мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу туралы үндеуін қолдайтынын және оған қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
"Біздің партия сайлауды Конституцияда белгіленген мерзімде өткізуді қолдайды. Мүлдем жаңа жағдайларда, пандемияның таралуы, өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер, жаңа экономикалық сын-қатерлер туындаған кезде сайлауды заңмен бекітілген мерзімде өткізу маңызды болып отыр. Бұл барлық партияға дайындық жүргізуге мүміндік беруде", - делінген партияның мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, партия бәсекеге толы науқанға қатысу үшін өзінің қолдаушылары, көзқарасы және инфрақұрылымы бар екенін мәлімдеді.
"Мен "Бірлік" партиясының төрағасы ретінде партиямыздың алдағы сайлауға қатысуға дайын екендігін ресми түрде мәлімдеймін. Сондықтан жақын уақытта өтетін съезде тиісті шешім қабылдап, қазіргі сайлау науқанына қатысу үшін ең белсенді мүшелер ішінен партиялық тізімді бекітеміз", - деді партия лидері Серік Сұлтанғали.
"Бірлік" алдағы уақытта өтетін съездің күнін әлі айтқан жоқ.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП)Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға қатысуға ниет білдіріп отырғанын растады. Партия төрағасы Асхат Рахымжанов мәлімдеме дайындап жатыр.