Атыраудағы "СК-Фармация" қоймасында COVID-19-бен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдары жоқ болып шықты. Мұндай дерек облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған арнайы мониторинг кезінде анықталды, деп хабарлайды жергілікті "Ақ Жайық" басылымы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің мәлімдеуінше, тексеру кезінде компания қоймасында дәрі-дәрмек қоры болмаған.
"СК-Фармация" менеджері дәрі-дәрмектер көрші Ақтөбе облысындағы қоймада сақталатынын айтты. Ал қолда бар қордың бәрі медициналық мекемелерге таратылып қойғанын жеткізген. Алайда, індете тексеру нәтижесінде №3 емханада медициналық маскалар болмай шықты", – делінген ақпартта.
Ал емханадағы медицина қызметкерлері болса, маскалар тексерушілер келер алдында ғана таусылып қалғанын айтып ақталған.
Сондай-ақ 5000-ға жуық тұрғынға қызмет көрсететін емхана қоймасында кейбір дәрі-дәрмектер жетіспейтіні де анықталды. Мысалы, "Ксарелто" мен "Дексаметазон" таблеткаларының екі айға жететін 5000 пакетінің орнына бар болғаны 10 пакет қана сақталған.
Бір қызығы, жақында ғана денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асхан Байдуалиев Атырау облысында коронавирустың екінші толқынымен күресуге арналған дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры бар деп мәлімдеген болатын.