$ 492.65  525.71  5.03

Түркістандық дәрігер босануы кезінде қан кетуді уақытша тоқтататын жаңа тәсіл ойлап тапты (ВИДЕО)

Жоба авторының айтуынша, жаңа әдіс ана өлімі санын одан әрі азайтуға мүмкіндік береді.

Түркістандық дәрігер әйелдердің босануы кезінде қан кетуді уақытша тоқтататын жаңа тәсіл ойлап тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Хабар арнасына сілтеме жасап.

Бірегей әдісті тәжірибеге енгізген онко-гинеколог Нұржан Махмутов осы жаңалығы үшін Ұлттық зияткерлік меншік инстутының патентін алды.

Мамандар мұндай әдістің дүние жүзі бойынша алғаш рет қолданысқа енгізіліп отырғанын айтады.

Саламат Шахарова – көпбалалы ана. Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталық орталықта бесінші перзентін босанған. Алайда қан кетіп, босану барысында қатты қиналғанын айтады. Абырой болғанда білікті дәрігерлер жанын аман алып қалыпты.

Саламат Шахарова, жас босанған ана:

– Дәрігерлерге рақмет. Олар мені мен баламның өмірін сақтап қалды. Қазір жағайым жақсы, құдайға шүкір. Қызымның да жағдайы жақсы.  

Жүкті әйелдердің босану және одан кейінгі кезеңде қан кетуін уақытша тоқтататын жаңа әдісті осы облыстық перинаталық орталықтың бас дәрігері, онко-гинеколог Нұржан Махмутов ойлап тапқан. Білікті дәрігер әйелдердің босануы кезінде жиі кездесетін осы жағдайды бір жарым жыл бойы зерттеген. Сосын өзі ойлап тапқан жаңа әдісті тәжірибеге енгізіпті.  

Нұржан Махмутов, облыстық №3 перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

– Жүкті әйелдерде сәбидің плацентадан ажырауы жиі кездесетін асқынуға жатады. Көп мөлшерде қан жоғалту ана мен бала өміріне аса қауіпті. Сондықтан ойлап тапқан әдісім бойынша система арқылы жатырдағы қан тамырларын байлап, қан кетуді уақытша тоқтатамыз. Бұл әрі қарайғы емдік шараны жоспарлауға, жедел көмек келгенше немесе шалғай аудандарға білікті хирург-дәрігер жеткенше қанды тоқтата тұруға мүмкіндік береді. Түркістандағы облыстық перинаталды орталықта білікті дәрігерлердің қатысуымен осы әдісті қолданып 10-нан аса операция жасадық. Барлығы да сәтті өтті.

Медицина саласында 33 жылдық еңбек өтілі бар білікті дәрігер Нұржан Талғатбекұлы жаңа әдісті дүние жүзі бойынша бірінші болып қолданысқа енгізді. Әрі осы жаңалығын патенттеп те үлгерген.

Нұрхан Нарымбетова, облыстық қоғамық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Өте алыста орналасқан аудандар бар. Сол аудандарға жас мамандар келіп жатыр. Жас мамандарға жағдайы ауыр әйелдер түсіп қалған жағдайда опеарцияны бастап алғашқы көмек көрсету үшін олар жедел жәрдеммен орталықтан мамандар шақыртады. Сол келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуге қолдануға әдістеме деп айтуға болады.

Алдағы уақытта бұл әдісті аймақтағы басқа дәрігерлерге егжей-тегжейлі түсіндіру үшін арнайы семинарлар ұйымдастырып, тәжірибе алмасатын болады. Жалпы Түркістан облысында ана өлімі көп емес дейді маманар. Мәселен, өткен жылы осындай 6 қайғылы жағдай тіркеліпті. Жоба авторының айтуынша, жаңа әдіс ана өлімі санын одан әрі азайтуға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары