Қазақстан судьяларының VIII съезіне қатысқан Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов өз әріптестерінің жағдайын жақсартуға арналған бірнеше ұсынысты жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, судьялар корпусына қосымша білікті заңгерлер қажет. Бірақ кәсіби мамандар сот жүйесіне барғысы келмейді.
"Себебі жауапкершілік көп, ал әлеуметтік қорғалуымыз мардымсыз. Бос орындарға адам аз келеді. Әрбір бесінші аудандық соттың төрағасы жоқ. Лайықтылар конкурсқа қатыспайды. Қызығушылық аз. Бұл проблема да қаржыға тіреледі. Сол себепті сот жүйесіне мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі пайыздық деңгейде бекітілуі тиіс деп ойлаймын", – деді Біржан Кәрібжанов.
Осы орайда судья қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, осы мәселені бюджетке салмақ түсірмей-ақ шешуге болатынын жеткізді. Ол – мемлекеттік бажды көтеру.
"Мысалы, сот арқылы ажырасудың құны бар-жоғы 830 теңге. Өзбекстанда бұл сома 25 есе (20 750 теңге), ал Молдовада 120 есе (99 600 теңге) көп. Баж төмен болғандықтан мыңдаған адам келісімге келмейді, бірден соттасуды қалайды. Баждың мөлшері 90-шы жылдан бері мүлдем өзгермеген. Істердің 84 пайызы бойынша баж құны 5 мың теңгеге де жетпейді", – деп атап көрсетті Кәрібжанов.
Оның ойынша, осы ұсыныстың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қатысы жоқ. Оларды мемлекеттік баждан міндетті түрде босату қажет.
"Сондықтан осы және басқа да жолдармен қаржыландыруды көбейтсек, сот жүйесіне қатысты біраз мәселе шешімін табар еді", – дейді Кәрібжанов.
Бұдан бөлек, судья ескірген сот ғимараттары мәселесін көтерді. Көбісі өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған. Соның барлығын жаңартуға қыруар қаржы кетеді. Сондықтан аудандық соттарды біріктірген дұрыс. Мәселен, Нұр-Сұлтанның төрт ауданында төрт қылмыстық және төрт азаматтық сот бар. Алматы және басқа қалаларда да солай. Оларды бір жерге біріктірсе, біраз ақша үнемделеді. Ал босаған ғимараттарды мемлекет қажетіне беруге болады. Қазіргі цифрландыру заманында сот процесіне үйден шықпай-ақ қатысуға мүмкіндік бар.
Съезге бейнебайланыс арқылы қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судьяның ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді.
"Судьялардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанына баса назар аудару қажет. Мен Алматы қалалық судьясының сөзімен келісемін. Ол судьяларға тиісті жағдай жасалмағанын айтты. Біз қазіргі проблеманы жіті бақылауға алсын деп, үкіметке тиісті тапсырма береміз", – деді мемлекет басшысы.