Forbes.kz Қазақстандағы ең бай деген елу бизнесменнің рейтингісін жариялады, деп жазады Oinet.kz.
Пандемияның кезінде Қазақстандық байларды ақшасы әжептәуір азайған. Топ-50 бизнесменнің дәулеті 3,62 миллиард долларға азайып, жалпы көлемі 25,08 миллиард долларды құраған. Бір жыл ішінде миллиардерлердің саны біреуге кеміген. Экс-миллиардердің аты-жөні Алиджан Ибрагимов. Оның былтырғы дәулеті 2,3 миллиард долларды құраған екен. Биыл 900 миллион доллардан аса қоймапты.
Қазақстанның ең дәулетті азаматы сол баяғыша Владимир Ким болып отыр. Оның байлығы 4,1 миллиард долларды құрайды. Екінші және үшінші орындарды Елбасының күйеу баласы мен қызы Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева иеленді (2,9 миллиард доллардан). 2,8 миллиард доллары бар Болат Өтемұратов төртінші орында. Миллионерлердің тізімін Алиджан Ибрагимов пен Кеңес Рақышев (890 000) бастап тұр.
Осы тізімде шымкенттік бизнесмен, иелегінде бірнеше зауыты бар Сейітжановтар отбасы 16-ыншы орыннан көрінді. Сейітжановтардың 349 миллион доллары бар. Тізімде оңтүстікте тұратын тағы бір әулет Қаныбековтар отбасы 86 миллион доллармен 47 орынды иеленді. Рейтингтегі ең жас миллионер, Елбасының жиен немересі, Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрали Әлиев болып танылды.
Оның жасы 35-те. 19 орында тұрған Нұралидің 269 миллион доллары бар.