Тұлпарлар дүбірлетіп өткен киелі қазақ топырағында бір замандарда алып мемлекет өмір сүрді. Ол Алтын Орда деген атаумен тарихта қалды. Елдігіміздің бастауы болған бұл мемлекеттің құрылғанына биыл 750 жыл толып отыр.
Ел ішінде ұлық ұлысты ұлықтау мақсатындағы шаралар көптеп өткізілуде. Осы орайда Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық балалар кітапханасының кітапханашылары «Ұлық ұлыстың атасы» атты шара ұйымдастырды.
Онлайн форматта өткен шарада арнайы бейнеролик дайындалып, онда алып мемлекеттің саяси дамуы мен мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі, ел басқарған хандар жайлы маңызды ақпараттар ұсынылды. Сонымен қатар, Алтын Орда дәуіріндегі жорықтар, мемлекеттің одақтастары мен бағынышты елдері туралы мәлімет берілді.
«Алтын Орда деген атау туралы ең алғашқы құжаттар бізге XVII ғасырда, яғни, алып империя күйрегеннен кейінгі біраз жылдардан соң жетті. Одан ертеректегі құжаттарда бұл мемлекет Жошы ұлысы деп аталды. Кейбір ғалымдар мемлекеттің Қыпшақ хандығы деген атауын қолданғанды дұрыс дейді, себебі ортағасырлық құжаттарда қыпшақ сөзі осы мемлекетке қатысты жиі айтылған.
Басқа бір деректерде Алтын Орда сөзі Бату ханның Еділ жағасында тіккізген алтын түсті үйлеріне байланысты аталған делінсе, енді бір дереккөздерде «Алтын Орда» сөзінің моңғол тілінде патша сарайын білдіретін жайлы айтылған», - деп ұлыстың атауы туралы тарқатылып айтылды.