$ 448.15  483.46  4.86

Ғұмыры ғажап ғұлама

Сонымен қатар, бейнедәрісте әр елде бұрмаланып берілген Аристотель еңбектеріне Әл-Фарабидің түсіндірме жасағандығы айтылды.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Қызылорда облысы,  Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Әзірбек Ілиясбекұлы «Ғұмыры ғажап ғұлама ғалым» атты бейнедәріс оқыды. Онлайн форматында жүргізілген дәрісте Шығыс ойшылының өнегелі өмірі, ғылым әлеміндегі елеулі еңбектері сөз болды. 

«Қазақ даласында талай ғұламалар дүниеге келді. Ұлан ғайыр өлкенің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары шығыс мәдениетін меңгеру арқылы өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазып қалдырды. Сондай ойшылдардың бірі – аты әлемге әйгілі жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби. Білімге деген құштарлығының арқасында Әл-Фараби жас шағында әлемнің көптеген мәдени орталықтарын шарлады. Білімін шыңдап, көрнекті ғалымдармен байланыс жасаған ғұлама байсалдылығының һәм білімділігінің арқасында ғалымдардың арасында өте абыройлы болған. Бірақ, өресі таяз адамдар оны жақтырмай, күндей бастаған еді. Әсіресе, олар Әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы пікір айтып даттады. Соның салдарынан лажы болмаған Әл-Фараби Бағдат қаласынан біржола кетеді. Ғұлама өзінің «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» атты соңғы шығармасында: «Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруы тиіс», - дейді. Әл-Фараби еңбектерінің философия мен ғылымға тигізген әсері толассыз», - деп ақпарат берілді бейнедәрісте. 

Сонымен қатар, бейнедәрісте әр елде бұрмаланып берілген Аристотель еңбектеріне Әл-Фарабидің түсіндірме жасағандығы айтылды. Себебі, Әл-Фараби бірнеше тілді жетік меңгерген ғалым болды. Осылайша Шығыстың ойшылы философиялық мұраларды жаңсақ пікірлерден тазартып, қаз-қалпында жеткізген еді. Оның ғылымға деген құрметін, адамгершілік қасиетін бағалаған Шығыс ғалымдары Әл-Фарабиді «әл-Муаллим әс-Сәни», яғни әлемнің екінші ұстазы деп атады. Әл-Фараби ғылымның философиялық, логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шыққан тұлға. Ол өз заманындағы ғылымдардың ең асылын таңдап ала білді. Өйткені, оның зер салмаған, зерттемеген саласы жоқ деуге де болады.  

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#әлФараби