24.10.2020, 15:30

Ұлы даланың даналары

Фото: ашық дереккөзі
Тұлғаларды тануға арналған олимпиада үздіктері оқу орнының арнайы дипломдарымен, естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Қызылордадағы «Болашақ» университетінің жоғары колледжі базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Ұлы даланың даналары» атты облыстық тарихи-танымдық олимпиада өтті.

Үш тур бойынша өткен олимпиада Қазақстан тарихы пәнінен тест алу, Абайдың қара сөздерін латын әліпбиіне аударып жазу және ғұлама ғалым Әл-Фараби және хакім Абайдың еңбектерімен байланысты баяндамалар дайындау кезеңдерінен тұрды. Олимпиада жұмысы онлайн режимінде жүзеге асырылды. 

Әл-Фарабидің 1150 және Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген шара өскелең ұрпақты тарихи тұлғалардың мәдени мұрасын құрметтеуге ықпал ету, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Тұлғаларды тануға арналған олимпиада үздіктері оқу орнының арнайы дипломдарымен, естелік сыйлықтарымен марапатталды. 

«Орта арнаулы кәсіптік оқу орнында Әл-Фараби еңбектерін терең білуге бағыттайтын әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Білім алушыларды шығармашылыққа баулу мақсатында «Bilimland.kz» платформасын қолданып келеміз.

Сонымен қатар, оқу ордасының білім берушілері осы бағытта ізденіп, халықаралық конференцияларға қатысып, мазмұнды мақалаларын жариялауда», - деді колледж ұстаздары.