Бүгін қолына қалам ұстап, өлеңді жанына серік еткен Сыр жастары арасында «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты мүшәйра басталды. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жас ақындар арасында өтіп жатқан жыр додасын Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары ұйымдастыруда.
«Абай – қазақ халқының ары мен намысын қамшылап, ұлтымыздың ұлылар қатарынан болуы жолында дамылсыз күрескен қажырлы қайраткер. Оның шығармаларындағы парасаттылық пен қарапайымдылық, философиялық ұстаным әрбір адамның бойында болуы шарт. Ұлы ойшылға құрметтің қай түрі де артық емес. Жыр мүшәйрасының негізгі мақсаты – шығармашыл жастарға қолдау көрсете отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау болып табылады. Осы орайда жастардың жазбалары арқылы қоғам мүшелерін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» сынды негізгі бағыттарына сүйене отырып, адамгершілік-этикалық қағидаттарды қатаң сақтауға үндеуді көздедік», - дейді шара ұйымдастырушылары.
Бұл мүшәйраға 16 мен 24 жас аралығындағы өлең жаза алатын кез келген жас қатыса алады. Жыр сайысы онлайн форматында өтуде. Сол себептен де, мүшәйраға қатысушылар адамзатты мейірімділікке, ізгілікке, жомарттыққа, рақымшыл, патриот болуға үндейтін тақырыптарда жазған өлеңдерін бейнеролик арқылы жолдайды. 30 қазанға дейін жалғасатын байқаудан үздік деп танылған бейнепоэзиялар облыстық «QYZYLORDA» телеарнасының ақпараттық-танымдық бағдарламаларының эфирінен көрсетілуге ұсынылады.