Қызылордада «Абай жұлдызы» атты музыка және поэзия кеші өтті. Әдемі әуенмен, тұңғиық жырмен әрленген кеш ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Аталған шараның онлайн нұсқасы Қызылорда облысы мәдениет басқармасының әлеуметтік желі парақшаларында және «Сыр шаңырағы» YouTube арнасында жарияланды.
Кеш барысында Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Сегізаяқ», «Жолға шықтым» әндері орындалды. Сонымен қатар, хакім Абайдың сөзіне, Нұрғиса Тілендиевтің әніне жазылған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» шығармасын Айдос Иманжаппаров Абай образын сомдай отырып орындады. Ал, Сырдың «Жастар» театрының әртістері Бақытбек Темірбековтің «Баяғы жартас – бір жартас» қойылымын қойды. Бұл көрініс арқылы өнерпаздар Абай өмір сүрген дәуірдегі қоғамның өзекті мәселелерін, байға жағынған адамдардың екіжүзді бейнесін көрсете білді.
Рухани кеш одан әрі Абай өлеңдерін оқумен жалғасты. Сыр өңірінде әр түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар кезек-кезегімен бас ақынның өлеңдерін оқып, кештің көркін қыздырды. Сонымен қатар, Талант Оразбаев «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін, Мадина Айдарбекова «Татьянаның хаты» шығармасын тарту етсе, «Томирис» би ансамблі «Ғашықтың тілі» туындысын би қойылымы арқылы көрсетті. Облыстық филармонияның камералық оркестрі музыкалық кешті әуенмен сүйемелдеді. Шара соңы кешке қатысқан өнерпаздардың орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен қорытындыланды.