$ 448.15  483.46  4.86

ҚР АШМ шегірткемен күресуге 4,6 млрд. теңге бөлді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен және өзге де зиянкестермен күресу үшін шаруаларға 4,6 миллиард теңге бөлді. Бұл қаражатқа шамамен 5,2 миллион гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізіледі деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Облыстар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша, ағымдағы жылдың 11 маусымына ауылшаруашылығы дақылдары 17,5 млн. га алқапқа себілген, бұл 2016 жылдың жаздық егісінің 95% құрайды.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға екінші деңгейлі банктер және «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еңшілес ұйымдары арқылы 60 млрд. теңге бюджеттік несие берілген. Ағымдағы жылдың 9 маусымдағы жағдай бойынша 55,7 млрд. теңге сомасында 1 666 өтінім қаржыландырылды.

Сонымен қатар, барлық бағыттар бойынша өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 35 млрд. теңге бөлінген. 2016 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердін қажетті дизель отынының көлемі 366,8 мың тонна мөлшерінде айқындалды.

Естеріңізге салайық, осыдан бір айдай уақыт бұрын ОҚО-дағы Шардара ауданының диқандары егілген қауын-қарбызды шегіртке жеп қойғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Шаруалардың айтуынша, зиянкестер 200 гектардай алқапты бүлдірген. Ал, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы алқапты дәрілеуге қажетті химикаттарды уақытылы жеткізіп бере алмады дейді ашынған диқандар. Аталған ведомство өкілдері болса шаруалардың сөзін жоққа шығарып, шегірткелер тек 1 гектар алқапқа залал келтіргенін мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары