ШҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев тұрғындарға үндеу жасап, өңірде эпидемиологиялық ахуал қиындай түскенін мәлімдеді.
«Құрметті Шығыс Қазақстан тұрғындары, өздеріңіз білетіндей, бір тәулік ішінде өңір бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 139 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш жалпы республикалық деңгейден асып, 683,6 құрап отыр. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауының негізгі себептері - тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің эпидемияға қарсы шектеу іс-шараларын сақтамауы, сондай-ақ шектес мемлекеттермен жалғасатын жолаушылар мен жүк ағыны», - деді ол.
Осыған байланысты ҚР Үкіметінің келісімі бойынша 1 қарашадан бастап ШҚО-ның сыртқы шекараларында блок-бекеттерді енгізе отырып, шаруашылық және өзге де қызмет пен халық өміріне қатысты шектеулер енгізіледі.
«Өңір басшылығы Өскемен қаласы мен облыс халқының қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараны қабылдайды. Кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, ХҚКО-лар жұмыс істейді. Біз бизнесті енгізілген карантиндік шаралардың салдарынан барынша қорғауға тырысамыз», - деп түсіндірді ол.
Аймақтың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жақын арада жарияланады.