Осыдан бір жыл бұрын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол бойына стандартқа сай келетін 304 жаңа дәретхана салатынын мәлімдеген еді. Бір дәретхананың құны сол кезде 23 миллион теңге деп бағаланған. Компания былтырдың өзінде сервистік сапасы жоғары 40 торапты тұрғызатынын дүйім елге жариялады. Ал биыл тағы 48 дәретхана салуға конкурс жариялаған. Бірақ бұл байқаудың өтуіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласып, оны тоқтатып тастады. ҰҚК мемлекеттің ақшасы тиімсіз жобаға жұмсалып жатыр деп есептейді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол 2020-2025» бағдарламасының 2021 жылғы жоспары бойынша 40 санитарлық-гигиеналық торапты орнату көзделген. Осыған сәйкес, осы жылдың 29 мамырында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар автожолдардың бойында 48 санитарлық-гигиеналық торапты орнату және оларға қызмет көрсету бойынша инвестициялық жобаларды іріктеу үшін екі кезеңді әдіс арқылы жүргізілетін (7 лот) инвестициялық конкурс жариялады. 15 шілде күні конкурстық құжаттаманың 28-тармағына сәйкес, республикалық маңызы бар автожолдардың бойында санитарлық-гигиеналық торапты орнату және оларға қызмет көрсету бойынша инвестициялық жобаларды қайта іріктеуге арналған екі кезеңді конкурс өткізілмеген болып жарияланды. Сондай-ақ, қоғам мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жобаның басымдығы жоқ екенін және мемлекеттік бюджетті аталмыш мәселеге жұмсаудың маңызды мақсаттарға сәйкессіздігін алға тартып, бұл конкурсты жүзеге асыру мүмкін болмады», - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.
Халықты осылайша таза әрі жылы дәретханамен қамтамасыз ете алмаған «ҚазАвтоЖол» проблеманы енді инвесторлар арқылы шешпекші. Ұлттық компания трасса бойындағы алаңқайларды кәсіпкерлерге 7 жылға тегін қолдануға береміз деп отыр. Кәсіпкерлер бұл жерге санитарлық талаптарға сай келетін дәретханалары бар сервистік павильон орнатуы керек.
САЛЫНУЫ ТИІС 304 ДӘРЕТХАНАНЫҢ ТЕК 14-і ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Былтыр желтоқсан айында мәлімдеме жасаған ұлттық компания басшылары алдағы үш жылда 304 дәретхана саламыз деген болатын. Олардың 110-і реконструкциядан өтіп жатқан жолдарда, 121-і пайдалануға берілген жол учаскелерінде және 73-і ақылы жолдардың бойында тұрғызылуы тиіс еді. Алайда, «ҚазАвтоЖол» биыл небәрі 14 дәретхананы пайдалануға берген. Оның тең жартысы бұрыннан тұрған ескі дәретханалар, тек күрделі жөндеуден өткізілген.
«Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлерді қолдау шараларының аясында 7 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды: Алматы – Қорғас тасжолының 126 және 286 шақырымында, Нұр-Сұлтан – Теміртау тасжолының 1369 шақырымы, Қарағанды облысы бойынша жолдың оң жағында орнатылған. Сондай-ақ, суық дәретханаларды оңтайландыру мен үнемдеу арқылы 7 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Щучинск-Зеренді - 1 бірлік, Нұр-Сұлтан – Павлодар – Қалбатау – Өскемен - 1 бірлік, Жетібай – Жаңаөзен - 1 бірлік, Нұр-Сұлтан – Павлодар - 4 бірлік», - делінген «ҚазАвтоЖол» ҰК төрағасының берген жауабында.
ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ БІР ДӘРЕТХАНАНЫ КҮТІП ҰСТАУҒА АЙ САЙЫН 400 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫ
Былтыр «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылары әмбебап дәретханаларды күтіп ұстауға ай сайын 700 мыңнан 1,5 млн теңге аралығында ақша бөлінетінін де жариялаған. Алайда, кейін бұл соманың да екі есеге азайып қалғаны белгілі болды. 24 мың шақырым жолдың бойындағы тораптардың көбі суық, лас, әрі ескі. Жоба жоспардағыдай уақытылы іске аспай жатса да, ұлттық компания стандартқа сай дәретханалардың саны 52% жетті деп санайды.
«Жылы дәретханалары бар «KazWay» павильондарын күтіп-ұстауға ай сайын шамамен 300-400 мың теңге жұмсалады. Ақылы жолдарда бұл қаражат жиналған төлемақы есебінен, ал өзге учаскелерде автожолдарды күтіп-ұстауға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат есебінен алынады. Алайда, автожолдарды ақаусыз күтіп-ұстауға тапсырғаннан кейін автомобиль жолдарын, соның ішінде жылы дәретханаларды күтіп-ұстау бойынша шығындарды мердігер компания өтейтін болады. Жол бойындағы сервис нысандарының иелерімен жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін абаттандырылған дәретханалар қосылып, стандартқа сәйкес нысандардың саны 52%-ға жетті», - делінген төрағаның жазбаша берген жауабында.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ санитарлық-гигиеналық тораптарды конкурс аясында емес, жеке инвесторларды тарту арқылы салмақ. Жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға қызыққан азаматтар болса ұлттық компания қабылдауға дайын.
«Қазавтожол» компаниясы ел аумағындағы 24 888 шақырым жолға жауапты. Ұлттық компания қысы-жазы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеттерінен құтылу үшін 5,8 мың шақырым жолды жеке компаниялардың қармағына өткізіп бермек. Ал ел көлемінде ақылы автожолдардың ұзындығы 700 шақырымға жуықтайды.