Кез келген нәрсенің пайдалы және зиянды жағы болатынын бағзы заманнан бабаларымыз айтқан-ды. Ол туралы таяқтың екі ұшы бар деп келтірген. Мұндай пайда мен зиянды бүгінгі заманда интернет ресурстан да көріп отырмыз.
Пайдалы жағы – таным-біліміңді арттыратын көптеген ақпарат ала алатынымыз, керемет жаңалықтарға кенелетініміз. Зиянды жағы – арандатушылардың арбауына ілініп, адасып, қиыншылыққа тап болып, отбасы ойрандалып, шаңырағы шайқалып жатқан жайттар.
Осы тұрғыдан келгенде адамзат өмірінде маңызды орынға ие болатын асыл дін – исламның атын жамылып, қандастарды қан қақсатқан қара ниет діни теріс ағымдар қаншама отбасын ойрандап, шаңырағын шайқалтты. Олар интернеттің мүмкіндігін пайдаланады. Әдемі әуезбен әдіптеп, жылтыр сөзбен жерлестерді арбап, талай тағдырды талқан етіп, шаңырағын шайқалтып жатқан мысалдар аз емес. Мәселен, Түркістан облысындағы тоз-тозы шыққан Мәуленовтердің отбасын типтік образ ретінде ала аламыз. Типтік образ дегеніміз – көптеген мысалды бір адамға немесе отбасына жинақтап, типтендіру арқылы беру. Демек, бір отбасын мысал етуіміз, арандалған жалғыз осылар ғана деген ұғым тудырмайды. Мұндай проблема елімізде бар деген сөз.
Бұл проблемамен мемлекет күресіп, алдын алып, жөнге салуға тырысып, әрекет етіп жатыр, бірақ әр азамат саналы түрде ойланып, сақтанып, ақпаратты талғап қарап, жаңалықты ажыратуға, кез келген материалға сараптап қарамаса, мемлекет тарапынан жасалған қадамдардың нәтижесі аз болады.
Психология ғылымында «іштен сыртқа» деген теория бар. Іш дегеніміз – әр азаматтың өзі. Сырт – бағыт беруші, ақыл айтушы адам. Бұл жердегі сырт мемлекет болып тұр. Ескерте кетейік, сырт деген бөтен деген ұғымда алынып отырған жоқ, керісінше, жанашыр деген мағынада. Мемлекет осы проблеманы түсініп, біліп, қауіптен сақтандырып, қамқорлық жасап отырғанын түсіну үшін «Жусан» гуманитарлық операциясын айтсақ жеткілікті болар. Басқа жақтан бақыт табам деп батпаққа батқандарға қол ұшын беріп, елін, жерін сатқанына қарамастан отанына қайта әкелінген жарты мыңнан аса адасушылар туралы БАҚ-та жазылып, айтылып жатыр. Солардың бірі, жоғарыда айтқан Мәуленовтер отбасы. Әрине, мемлекет өз азаматтарын еліне қайтарып, оларды еркіне қоя бермейді. Жазалайды, үкім кеседі. Кез келген нәрсенің өтеуі бар. Судың да сұрауы бар деген емес пе... Заң сол үшін керек. Айталық осы отбасының мүшесі Диас Амангелді 6 жылға, Аида Амангелді 5 жылға, Абзал Амангелді 8 жылға сотталды. Олар қазір жазасын өтеуде. Аналары Айгүл өзінің сотталмағанына шүкір етеді. Мемлекет көп балалы анаға рахымшылық жасаған. Бұл да біле білген адамға мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек.
Айгүлдің кәмлетке толмаған кішкентай балалары бар. Ал күйеуі Марат пен тұңғышы Нұрдәулет бақыт іздеп барған жерінде оққа ұшып, ажал құшқан. Осындай жағдайға душар еткен күйеуі екенін айтады. Алдымен теріс ағымның тұзағына Мәуленовтердің үлкені Нұрдәулет түседі. Интернеттегі әдейі жасалған әдемі ертегіге елтиді, содырлардың айтқанына сенеді. Сөйтіп, әкесін көшуге көндіреді. Нұрдәулетке содырлар қолға қару алып, соғысқа емес, хижра жасауға аттанасың деп айтқан. Хижраны діни уағызбен байланыстырып, санасын улаған, сендірген. Нұрдәулет те отбасына сол содырлардың айтқанын жеткізген. Ал отбасы болса, тәтті қиял, әдемі әуезге сеніп, көнген. 2015 жылы Марат Мәуленов бастаған отбасындағы сегіз жан Сирияға көшіп кеткен. Мараттың жиырма жылдық ұстаздық еңбек өтілі бар екен. Туған-туысы, көрші-қолаңы ұстаздың қолына қару алып, лаңкеске айналады деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Сирияға бастап барған әкелері Марат пен үлкен ағалары Нұрдәулет екі жылдан кейін оққа ұшып, ажал құшқан. Шиеттей бала-шаға қорғансыздың күйін кешіп, қан бөккен далада, жат жерде қаңғып қалады. Ересектеу Абзал мен Диас түрлі сылтау айтып, әрнені желеу етіп, қару ұстамауға тырысқанымен, ол жақта оларды жазалап, түрмеге қамаған, азап шектірген.
Абзалға өлім жазасын кескен екен. Алайда қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі дегендей, Абзалдың ажалы жоқ екен. Өкініп, қателігін түсініп, «Жусан» операциясымен елге келді. Ал жалғыз қарындастары Аида әзірбайжандық содырға әйелдікке беріледі. Аида да содырлардың азабын көреді... Арбау мен алдаудың құрығына ілініп, тұзағына түскен отбасының ойраны шықты, болашағы бұзылды, келешегі кесілді. Оған кім кінәлі? Оған жұмақтың өңін айналдырып, арбаған содырлар және ақ пен қараны ажырата алмаған өздері кінәлі. Бұл көп адамға сабақ болуға тиіс. Маман сөзін келтірейік. Түркістан облысының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары Медет Халықов мұндай адамдардың адасуына байланысты бірнеше себептерді атап берді:
«Бұл азаматтардың басым көпшілігі қазақ халқының ұлттық тарихын, менталитетін, салт- дәстүрін білмеуінде, біріншіден. Екіншіден отбасы құндылықтарының дұрыс насихатталмауында. Үшіншіден діни сауатсыздығында. Ол азаматтардың заң саласында, медицина, педагогика саласында, басқа да салаларда жоғары білімі болуы әбден мүмкін, бірақ діни таяздығы, дәстүр-салтқа, ұлттық құндылықтарға саяздығы діни экстремистердің жетегінде кетуіне себеп болып отырғанына көз жеткіземіз».
Білімді, сауатты болу өмір талабы. Білім болғанда да ұлттыңның болмысы, халқыңның құндылығы бойыңа тәрбиемен сіңген, салт-дәстүрді ата жолымен меңгерген ұлттық білім болу керек. Шариғатты уағыздап, дінге үгіттегенде айтушының сөзі ұлттық менталитетіңмен қабысып жатпаса, ол айтылғандар күмәнді. Құдай тағала адам баласын ұлтқа, ұлысқа бөліп, бекерден бекер жаратқан жоқ. Жаратылыс заңы мен сол жаратылыс заңына үйлестіріп жасалған мемлекеттік заңға кез келген саналы азамат бойсынуы, мойындауы аса қажет. Олай болмағанда теріс кеткеннің түбі қайда барарын бұл заман көрсетіп отыр. Мысал жетерлік, келтіріп те отырмыз. Өмір талабы қойып отырған білімділік пен сауаттылықты игермей, биікке жетем деудің бекер екенін түсінетін уақыт жетті. Бәсекеге қабілеттілік қай салада да қажет. Әсіресе, діни сауатты болу шарт. Діни сауаты бар әрбір жас адаспайды дегіміз келеді. Сақтанайық, сақ болайық!