30.10.2020, 13:26

Талақ дегеніміз не немесе содырлардың жас қыздарды қорлауы?

Талақ дегеніміз не немесе содырлардың жас қыздарды қорлауы?

Әрнені сылтау етіп, талақ айтып, нәпсісі қозса, көзіне түскен қыз-келіншектің миын айналдырып, санасын улап,  тез үйленіп, жылдам  ажырасу, әйелдерді талақ деп  тәлкек ету – теріс бағыттағы діни ортада өршіп тұрғаны мәлім.

Содырлардың мұндай сорақы әрекетінен қаншама жауқазындай жап-жас қыздар сорлап қалды, қор болды. Шын мәнінде исламдағы неке осылай ма еді? Әрине, жоқ!            Ислам – некелі ерлі-зайыптыны бір шаңырақ астында тату өмір сүрулерін, тәрбиелі де саналы ұрпақ таратуды қалайтын дін. Сондықтан ислам некеге тұрған сәттен-ақ екі жақтың бір-біріне  деген құқықтарын белгілеп береді.   Қазақта ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды деп, өмір болған соң, ерлі-зайыптылардың  араларында келіспеушіліктердің болатынын алдын ала ескертетіні сияқты исламда да келіспеушіліктің алдын алған. Келіспеушілік бола қалған жағдайда татуластыру шараларын қарастырған. Ал талақ  отбасындағы  келіспеушіліктердің ең соңғы шарасы болған. Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла өзінің  рұқсат берген істерінің ішіндегі ең  жаман көретіні — талақ», - деген. 

Содырлар болса, талақты желеу етіп, оңды-солды нәпсінің жетегіне еріп, нәзік жандыларды қорлап, ойларына келгенін істейді. Мысалы үшін, арам пиғылды теріс дін топтарының тұзағына түскен қарағандылық Сәуле есімді қыз көз жасын көлдете отырып, ол кезде он төрт жаста едім деп бастады әңгімесін. Дінге қызыққан қыз намазды оқшауланып оқитындар тобына қалай қосылып кеткенін өзі де байқамай қалған.

Бұл уақыт  Сириядағы соғыстың нағыз ушығып тұрған 2014 жыл болатын. Өздерінше әмір деп атайтын серкесымақтары  ойдан құрастырылған жалған уағызын тыңдатып, миын айналдырып, өз сөздеріне сендіріп тастайды. Сирияға көшу керек деп ұйғарым жасайды.  Кәмелет жасқа толмаған, оң-солын ажыратып, өтірік пен жалғанның аражігін білмейтін жас қыз үшін олардың айтқанының бәрі дұрыстай көрінеді.

«Олардың айтатыны уахабизмнің уағыздары. Мені тұрмысқа шығуға үгіттеді. Әйел адам соғыста жүргендерге жыныстық жағынан көмектесіп, өліп кетсе, шаһид болатынын айтып,  миыма қатты құйды»,-дейді Сәуле.

Осылайша сенер-сенбесін білмей, әрі-сәрі күй кешіп жүргенде, бұрын өзін ұнататын жігіті кездесіп, алып қашады. Олар тұрмыс құрады, бірақ дәм-тұздары жараспай, бір жылдан кейін ажырасады. Күйеуінен бір баламен қалып, өзі күйзеліп, көңілі астан-кестең болып жүрген Сәулеге бұрынғы жамағат мүшелері қайта жақындайды. Әсіресе, Елжан есімдісі он тоғыз жастағы Сәуленің көңілін аулап, екінші әйелі болуға көндіреді. Әлгі Елжанның неке қидырғаны тіпті сорақы, түсініксіз және исламның шеңберінен тыс. Келіншектің айтуынша, Елжан некені жұма намазынан кейін қиямыз депті. Бес адам болып көліктің ішінде отырып, Сәуленің қатысынсыз некелерін қиған. Сөйтіп келіншекке хабарласқан: «Неке қиылды, сен менің әйелім бодың, кешке келемін» депті.

Кешке кездескен, бірақ ешқандай жағдай жасамаған. Кешке берген уәденің таңертең-ақ орындалмағанын жас келіншек бүгін айтып отыр. Сәуле Елжанның төртінші әйелі болып шығады. Шаттыққа кенелем деген Сәуленің өмірі шатақпен жалғаса береді. Елжан оған шаһуатпен алғанын айтады. Ол дегеніңіз тек қана интимдік ниеттен туған, алғанын жезөкшеліктің шеңберінде ұстаудың бір түрі деп түсіндіреді кейіпкеріміз. Діннің атын жамылған содырдың бұл әрекеті ешқандай да исламның қағидатына жатпайды.

Дін маманы не дейді? 

ҚМДБ  Шариғат және пәтуә бөлімінің меңгерушісі, Сансызбай Құрбанұлы:

«Шариғатымызда Алла тағаланың халал қылғанының  ішіндегі ең жек көретұғын нәрсесі осы талақ. Талақ мәселесі жөнінде Мұхамед пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) хадисі бар. Қайсыбір адам аз ғана уақытқа нәпсі құмарлығы үшін үйленіп, онымен ажырасып, екіншісін, үшіншісін алатын еркекті Алла тағала лағнет қылсын деген. Ондай адамға Алла тағаланың лағнеті болады». Міне, шын мәнінде исламның қағидаты осы. Елжан сынды ойдан құрап, қыз  тағдырын тәлкек еткендерге Құдай жазасын береді. Ол Сәулемен сырттай неке қиып, сырттай талақ айтады. Сөйтіп сырт айналып, қиянат жасадым-ау, обал қылдым-ау деместен, шімірікпей өз жөнімен кете барады. Мұны естіген оның айналасындағы теріс діни топтың басқа көрсеқызар  мүшелері Сәулені нысанаға алыпты.  Қала ортасында қарсылығына қарамастан көлікке күштеп отырғызып, пәтерлердің бірінде екі күн ұстайды. Бұл жолы олар Сәулені Елжанның досы Ержанға  әйел болуға көндірмекке ұмтылады. Теріс діни топтардың ислам арқылы адам қорлағанымен қоса, достықтарының өзі жиіркенішті. Ешқандай адами шеңберге сыймайды. Арсыздық, көрсеқызарлық, нәпсіқұмарлықтан басқа ештеңе жоқ, бұл жерде. Кешке неке қиып, ертесі талақ етіп, арғы күні екінші біреуіне тели салу деструктивті ағымдағылардың арасында кең тараған сорақылық. Содырлардың осы сорақылықтарының кесірінен талай қара көз қыздарымыз қолдан қолға өтіп, қорлық көріп, көз жасы көл болып жүр. Қолдан қолға өткендіктен кімнен жүкті болғанын да білмей жатады. Мұнысын олар барлығы бір-біріне бауыр деген надандық ұстанымымен ақтайды. Бауырласу, жамағаттың жақын болуы деп қараңғылықты алға тартады. Бұлары адам миына сыймайды.

Осылайша қаршадайынан қара ниеттілерлің торына түскен Сәуле өткенін есіне алғысы келмейді. Мұндай қорлықты дос түгіл дұшпанына да тілемейтінін айтады. Олар қыздарды «тряпка» құрлы көрмейді дейді. Осыншама азғындаған деструктивті топты адам деуге бола ма?

Олар үшін адамның тәлкек болған тағдыры, он екіде бір гүлі ашылмаған кішкентай қыздың көз жасы селт еткізбегені арсыздық пен азғындыққа бойы үйренген қаныпезер екенін анық көсетеді. Өздерінің қарындасындай, қыздарындай бүлдіршіндерді бүлдіргендерден қандай жақсылық күтуге болады?

Талақ деп тәлкек, неке деп жезөкшелік жолға түсіруді көздеген көрсоқыр содырларда адамды аяу деген жоқ. 

Олардың исламға он қайнаса сорпасы қосылмайды. Олардан сақтану керек. Солардың кесірінен талай ана ботасынан айрылған боз інгендей боздап, талай әке құсадан құрдымға кетті.

Алғашқыда тілі тәтті аярлар алдайды, арбайды. Уысына түскен соң  аяушылықты білмейді, қорлайды.   Теріс ағымдағы діни топтардан сақтану үшін айтылып жатқан, түсіндіріліп жатқан мемлекеттік мекемелердің іс-әрекетіне көңіл бөліп, сөзге құлақ түрмесе, деструктивті топтың тұзағынан құтылу қиын.  Шын мәнінде  ислам – мейірімнің, адамилықтың, қамқорлықтың, жанашырлықтың діні. Діннің атын жамылған арамза пиғылды, қорқау қасқырдай қара ниетті деструктивті топтан сақ болыңыздар, сақтаныңыздар, қандастар, қарындастар.  Құдай сақтанғанды сақтайды.     

 

Тегтер: талақ