Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның қара сөздерінен «Қара» қойылымы көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды Sn.kz.
«Қара» қойылымында нақты кейіпкер жоқ, бірақ отыз бес актер Абайдың кейінгі жұртқа айтқан өсиетін дәріптейді. Авторы – ақын Абай. Драма-диалог желісі ойшылдың қара сөздерін арқау етеді. Спектакльдың ерекшелігі сол – сахна пікірталас, жиын форматында қойылған. Нақты кейіпкер жоқ, бірақ отыз бес актер Абайдың кейінгі жұртқа айтқан өсиетін дәріптейді.
«Қара сөздеріне образ, жан бітіріп бір кейіпкердің аузынан айтқандай, әртүрлі кейіпкердің аузында айтылады. Былай айтқанда, қазақтың, ұлттың мәселесін талқылау. Мысалы, біз спектакль көріп отырсақ бір кейіпкері болады, оның тағдыры болады. Ал бұл жерде жалпы ұлттың тағдыры», – деді «Қара» драма-диалогының қоюшы-режиссері Жұлдызбек Жұманбай.
Қойылымда адамның билікке таласқыш, жалқау болатыны, ғылым, ақыл мен жүректің жарысы, тәрбие мен рухани құндылықтар сахналанады. Шығарманың «Қара» деп аталуы да тегін емес. Бір жағынан қара, мән бер деген мағына берсе, енді бір тұсы қарапайым дүниелердің маңыздылығын айшықтайды.
«Шындығында қазір біздің ұлттың рухы сөніп бара жатыр ғой. Сондықтан ұлттық рухты ояту үшін жасалған дүние. Көп жерде біз Абайды қазақты сынағыш, сыншыл ретінде танимыз ғой. Бірақ бүгінгі жасалған дүние осы Абайдың сөздері арқылы ұлттық рухты ояту», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс.