Елордада карантиндік талаптарды елемей жүргендер көптеп кездесуде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шектеу және карантиндік шараларды сақтау бойынша түсіндіру профилактикалық жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері мен жеке тұлғалар маскалық режимді, объектілердің жұмыс режимін бұзуды жалғастыруда. Әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, антисептиктерді пайдаланбайды, сондай-ақ бұқаралық әрі отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, той, кештер және басқа да жиындар өткізеді», - деді Ж. Пірәлиева онлайн режимде өткен коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары бойынша баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қалада коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмауға бағытталған Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулыларында көрсетілген санитариялық эпидемияға қарсы шараларды нысандарда орындау бойынша мониторинг жалғасуда.
«2020 жылғы 5 шілде мен 4 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп тұрған 9 мобильді топпен барлығы 4 462 нысан қамтылды. Оның ішінде тамақтану нысандары - 1 500, коммуналдық объектілер – 510, балабақшалар – 53, мектептер – 130, білім беру орталығы - 10, денсаулық сақтау нысандары – 52, сауда нысандары (дүкендер, базарлар, сауда орталықтары, сауда үйлері) – 1 515, өнеркәсіптік нысандар – 5, өндірістік нысандар - 79, әлеуметтік нысандар – 3, ойын-сауық орындары – 35, сондай-ақ бильярд, лото клубы, интернет клубы және басқалары- 570», - деді Жанна Пірәлиева.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жанна Пірәлиева қаладағы эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады.
Полиция департаментінің мәліметінше, елорда мейрамханаларында отбасылық іс-шаралар өткізу тоқтамай тұр.