$ 448.15  483.46  4.86

Шымкент әкімі велосипедті «нөкерлерінсіз» жалғыз өзі айдап жүр

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың велосипедке мініп, жұмысқа бара жатқан суретін әлеуметтік желі пайдаланушылары қызу талқылап жатыр. Иығына сөмкесін асып, орталық көшелердің бірімен қырға қарай шығып бара жатқан әкімнің суретін алғаш болып оның бұрынғы кеңесшісі Данат Жумин Instagram-парақшасына жүктеді.

Жуминің айтуынша, Әбдірахымов осылайша Shymkent City Bike жобасының жұмысын өзі тәжірибеде тексеріп көрген. Аталған жоба қала тұрғындары мен қонақтарын жалдамалы велосипедтермен қамту мақсатында қолға алынған болатын.

Ал, бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде Ғ.Әбдірахымовтың күн жылынса жұмысқа велосипедпен барамын деп уәде бергені есімізде. Мұнан кейін ол бірнеше рет жалпықалалық велошеруге де қатысты.

Айта кету керек, Қазақстанда ең алғаш болып велосипедті трендке айналдырған әкім - Ахметжан Есімов. Алматы қаласын басқарып тұрған шағында ол уақытының көбін велошерулерге арнайтын. Алайда, Әбдірахымов секілді джинсы киіп, жалғыз өзінің велосипедпен жұмысқа барғанын ешкім көрмеген.

Жуырда Есімовтің орнын басқан Бауыржан Байбек те шайтанарбадан жатырқамайтынын білдіріп, Алматыда бірнеше велошеру өткізіп тастады. Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков те елордада өтетін қоғамдық веложарыстардан еш қалған емес.

Шымкентке алғаш әкім болып тағайындалғанда Әбдірахымов автобуспен жүремін деп, көпшіліктің сынына қалған болатын. Жалғыз емес, жанына ондаған "нөкерімен" автобусқа мінетін әкімді популист деп айыптағандар аз болған жоқ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары