Павлодар облысының әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы кезінде өзінің қарамағындағы қызметкерлерді жұртшылықпен белсенді ынтымақтасуға және проблемаларды талқылауға шақырып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы ведомство басшысы Серік Батырғожинов айтып берді. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен саласында субсидия беру үшін қолданылатын «Qolday» жүйесінің қолданушылары тарапынан сұрақтар көптеп туындайды. Осы мәселені шешу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері фермерлердің кез келген сұрағына жауап беретін фронт-кеңсе ашу керек деп есептейді.
«АӨК-де цифрлық жүйе өте қажет. Бізде қанша егіс алқабы, қанша мал басы, қандай субсидиялар төленеді - осы деректердің барлығы бір жерде жиналуы тиіс. Сіз тұрғындар алдында ашық болу керек және әр істі ашық жүргізу керек. Сонымен қатар, бұл мәліметтердің базалары басқалармен біріктірілуі керек. Сонда ғана ауыл шаруашылығына инвестициялар түседі», - деп атап өтті өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов.
Павлодар облысының медициналық мекемелерінің қызметін де ашық ету ұсынылды. «Ertis-adaldyq alany» жобалық кеңсесі өкілдерінің пікірінше, бұл үшін жұртшылықты ауруханалардағы бақылау кеңестеріне қосу қажет.
«Бүгінде «Мемлекеттік мүлік туралы» заңы бойынша мемлекет қатысатын кәсіпорындар жанынан құрылатын байқау кеңестері ашылып, жабық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл кеңестердің құрамында кім бар? Құрамдарды облыстық денсаулық сақтау басқармасы тек ішкі бұйрықтармен бекітті ме? Жыл қорытындысы бойынша құрам сыйақы алды ма және қандай? Кеңес мүшелерін тағайындаудың адал тетігін былай жасауға болады: БАҚ-та кандидаттарды іріктеу туралы хабарландыру жариялау керек, ал конкурс өткізілгеннен кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы байқау кеңесін құратын болады», - деді жобалық кеңсенің басшысы Ризабек Исабеков.
Облыс әкімі барлық мемлекеттік органдар азаматтық қоғам өкілдерімен ынтымақтастықта жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. «Қоғам алдында туындайтын проблемаларды ашық көтеру қажет. Мен басшыларды олардың жабық болғаны үшін бірнеше рет сынға алған едім. Жергілікті орындардағы әкімдер мен облыстық басқармалардың басшылары өз жұмыстарын жұртшылықпен белсенді талқылауы тиіс. Мұны жасамайтындарды қолға алатын боламыз», - деді Әбілқайыр Сқақов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының отырысында экономикалық тергеу департаментінің басшысы Арман Жүнісов сөз сөйледі. Ол Павлодар облысында көлеңкелі экономикаға қалай қарсы тұратынын және бюджет қаражатын жымқыру схемаларын анықтайтынын айтты. Осындай схемалардың бірі бойынша Павлодардың тұрғыны құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар 8 компанияны сатып алып, бөгде адамдарға қайта тіркеген.
«Осындай ЖШС-нің алтауы ешқандай активтері болмай, жалпы құны 1,2 миллиард теңге болатын тендер арқылы 56 мемлекеттік тапсырысқа ие болған. Тапсырыс беруші көрсетілген 8 компанияның соңғы 5 жылда бар болғаны 14 миллион теңге салық төлегеніне назар аудармаған. Бұдан бөлек, Павлодар қаласының тұрғыны бес тұрғын үйді абаттандыруға және спорт нысанын салуға бөлінген 102 миллион теңгеден астам қаражат ұрлады деген күдікпен қамауда отыр. Қылмыстық іс сотқа жолданды»,- деп хабарлады Арман Жүнісов.
Тағы оқи отырыңыз: «Instagram бізде шағым жәшігіне ұқсайды» - Павлодар облысының «аты шықпаған» жаңа әкімі
Әбілқайыр Сқақов бүгінде Павлодар облысының құрылыс саласында бірқатар мәселелер, соның ішінде сапасыз техникалық тапсырмаларға байланысты мәселелер бар екенін айтты.
«Көлеңкелі экономикаға келетін болсақ, бүгінде қаржы ағындарының 30% - ға жуығы жасырын қалып отыр. Республикалық деңгейде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасы әзірленетін болады. Бізге өңір ішінде қандай салалар, қандай бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және қандай мердігерлік ұйымдар осы тәуекелге көбірек ұшырайтыны жөнінде өз талдауымызды жасауымыз қажет», - деді әкім.
Өңір басшысы көлеңкелі экономиканың деңгейі неғұрлым төмен болса, инвестициялық тартымдылық соғұрлым жоғары болатынын еске салды. Сондықтан салық төлеуден жалтаруға, ақшаны жылыстатуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - ортақ міндет!