Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) адамзат жаңа пандемияға дайындалу керек деп санайды, деп жазады ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ұйым бұл тақырыпты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 73-ші жыл сайынғы сессиясының (9-14 қараша) негізгі мәселелерінің бірі ретінде қарастырмақ.
Сессия осы жолы телеконференция форматында өтеді. ДДСҰ форум қарсаңындағы мәлімдемесінде атап өткендей, әлемдік қауымдастық «қазірден бастап жаңа пандемияға дайындалуы керек».
«Біз соңғы бір жыл ішінде төтенше жағдайларға дайындық бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымы мықты елдер SARS-CoV-2 вирусының таралуын тоқтату және бақылау бағытында тез әрекет ететіндіктерін көрдік», – деп атап өтті ұйым өкілдері.
Бірінші бөлігі 18-19 мамырда Женевада өткен 73-ші Ассамблеяда «денсаулық сақтаудағы шұғыл жағдайларға дайындықты күшейту туралы» қарар қабылдау жоспарланып отыр. Жеті беттен тұратын құжат жобасында елдерге төтенше жағдайларға дайындықты жақсарту үшін «жоғары саяси деңгейде басымдық беру» туралы үндеу қамтылды.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының мамандарына «тиісті сыйақы» беру қажеттілігі туралы, медицина қызметкерлерін даярлау және «жергілікті денсаулық сақтау қызметкерлерінің рөлін арттыру» маңызды екендігі туралы айтылды.
ДДСҰ өкілдерінің пікірінше, «барлық елдер COVID-19 және басқа да қауіпті жұқпалы ауруларды анықтау және оларға тойтарыс беруі үшін олардың барынша жақсы жабдықталуын қамтамасыз ету керек».
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы – ДДСҰ-ның ең жоғары органы. Сессиялар жыл сайын, әдетте мамыр айында өткізіледі, оған ДДСҰ-ға мүше барлық 194 елдің делегаттары қатысады.
Ассамблеяның негізгі қызметі – ұйым жұмысының жаһандық саяси бағыттарын анықтау. Ассамблея ДДСҰ-ның бас директорын тағайындайды. 2017 жылдан бастап бұл лауазымды Эфиопия Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Тедрос Адан Гебрейесус атқарады.