Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей және Әзербайжан президенттерімен Таулы Қарабақтағы соғысты 10 қарашаға қараған түнде сағат бірде тоқтату туралы мәлімдемеге қол қойғанын айтты. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Армян премьерінің мәлімдеуінше, ол шешімді әскери жағдайды және әскерилердің мүмкіндігін талдап қабылдаған. Ол мұндай шешімді өзі және халқы үшін ауыр деп атады.
"Қымбатты отандастар, әпкелер мен бауырлар. Мен өзім үшін және бәріміз үшін өте ауыр шешім қабылдадым.
Мен Ресей және Әзербайжан президенттерімен Қарабақ соғысын сағат 01:00-де аяқтау туралы мәлімдемеге қол қойдым. Жарияланған мәлімдеменің мәтіні мен үшін және халқымыз үшін ауыр.
Мұндай шешімді әскери жағдайды талдап және бәрінен жақсы білетін адамдардың бағасына қарап қабылдадым. Сондай-ақ ол осы жағдайдағы ең жақсы шешім деген сенімге негізделді. Бәрі туралы толығырақ жақын күндері айтып беремін.
Бұл - жеңіс емес, бірақ өздеріңіз жеңілдік деп мойындамағанша жеңіліс те болмайды. Біз ешқашан өзімізді жеңілдік деп мойындамаймыз және бұл жаңа ұлттық бірігу мен өрлеу дәуірінің басталуы болу керек.
Бізге болашағымызды жоспарлау және өткендегі қателікті қайталамау үшін тәуелсіздік жылдарымызды саралауымыз керек.
Мен азап шеккен барша жанның алдында тізе шөгемін. Барлық Отанымызды қорғаған және жанын қиған әскер, офицер, генерал, еріктілер алдында бас иемін. Олар Арцахтағы армяндарды жанкештілікпен қорғады.
Біз соңына дейін күрестік. Және біз жеңеміз. Арцах тұр. Жасасын Армения! Арцах жасасын!" - делінген Пашинянның үндеуінде.
Сондай-ақ Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының президенті Араик Арутюнян соғысты тоқтатуға келіскенін мәлімдеді.
"Қазіргі қиын жағдайды ескере отырып, құрбандар көп болмасын және Арцахтан (Қарабақ атауы - еск.) толық айырылып қалмайық деп мен соғысты бір сағат бұрын аяқтауға рұқсат еттім", - деп жазды Арутюнян Facebook желісінде.