10 қараша сағат 03.40-та Алматы облысы ТЖД-не Талғар қаласында жеке сектордағы үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға орнына Талғар қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 6 қызметкері мен 2 бірлік техникасы дереу жіберілді. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
"Өрт сөндірушілер шақырту орнына келген кезде тұрғын үй (көлемі 5х8) толығымен өртке оранған. Сондай-ақ үй төбесінің жабындысы құлағаны анықталды. Өрт сөндіру барысында оқиға орнынан 2012, 2001 және 1976 жылдары туған үш адамның денесі табылды. Өрт сағат 04.06-да оқшауланып, сағат 04.50-де толығымен сөндірілді. Көлемі 40 шаршы метрді құрады. Өрттің тұтану себептері анықталуда", - дейді ол.
Алматы облысы ТЖД азаматтардан тұрғын үйлерде өрт болдырмау үшін тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.
Еске салайық, осыған дейін Қостанай облысында аурухана өртеніп кеткені туралы хабарланған болатын.