11.11.2020, 18:20

Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің аманат хатын жариялады (ФОТО)

Хат 2005 жылдың 26 тамызында жазылған. Заманбек Нұрқаділов дәл осы жылдың қарашасында мәңгі баққиға аттанып кете барды.

Халықтың "ерке қызы" атанған белгілі әнші Мақпал Жүнісова марқұм жолдасы Заманбек Нұрқаділовтің аманат хатын халыққа жария етті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Заманбек Нұрқаділов 15 жыл бұрын өлең хат жазып қалдырған. Қазақтың біртуар тұлғасы жарына деген махаббаты мен аманатын өлеңмен жеткізген екен.

Байқамаппын салмағын,

Өмір зілін, жалғанын.

Махаббат бар деп өзіңмен,

От боп лаулап жанғанмын.

Жаным енді төзерсің

Тағдыр басқа салғанын.

Жақсы басар жаманды, 

Алла айтар талғамын.

Жаратқан ием қолдаса,

Күшейтер саған қорғанын.

Жау жеңіліп, сен жеңіп,

Үзерсің шынжыр торларын.

Әсем ән әлі құлпыртар

Жарық айдың толғанын.

Елің көрер ертең-ақ

Мерей сендей болғанын.

Сендерге қидым қайшымен

Ғұмырымның қалғанын.

Өнерді мәңгі алғасын,

Алла берсін жалғасын.

Хат 2005 жылдың 26 тамызында жазылған. Біртуар тұлға сөз соңында қолтаңбасын қалдырған. Заманбек Нұрқаділов дәл осы жылдың қарашасында мәңгі баққиға аттанып кеткен еді. 

"Ертең Зәкемнің қайтқан күні. 15 жыл болыпты. Мәңгілік жадымыздасыз, топырағыңыз торқа болсын. Хатты Зәкең өз қолымен жазып қалдырған еді. Өзінің қолтаңбасы", - деп жазды халық әртісі әлеуметтік желідегі парақшасында