Садыр Жапаровтың кандидатурасының Қырғызстан президенті лауазымына ұсынылуына және президент міндеттерін атқару өкілеттілігінің тоқтатылуына байланысты, Конституцияға сәйкес ел президенті міндетін атқарушының өкілеттіктері Жогорку Кенеш төрағасы Талант Мамытовқа өтті. Бұл туралы Baq.kz КАБАР агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президент аппаратының ақпараттық саясат бөлімінің хабарлауынша, осы жағдайға байланысты Талант Мамытов ел азаматтарына үндеу жолдады.
"Мемлекет басшысының міндеттерін атқаруға кірісе отырып, мен халық пен мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігімді сезінемін. Президенттің міндеттерін атқарушы ретінде өзімнің конституциялық құқықтарым шеңберінде адамдардың бейбіт өмірі мен ел тұтастығын қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламын. Еліміздің саналы азаматтары мені қолдайды деп сенемін. Барша отандастарымды кедергілер мен қиындықтарды жеңуге үлес қосуға шақырамын. Өз миссиямызды адал орындайтындығымызға толық сенімдімін", - делінген президент міндетін атқарушының жолдауында.
Бұдан бұрын Садыр Жапаров ел президентінің міндеттерін атқарушы өкілеттігін тоқтатқан еді. Бұл оның кандидатурасы Қырғызстан президентінің лауазымына ұсынылуымен байланысты болды.