Шығыс Қазақстан облысы орталығында аса ірі мөлшерде психотропты заттарды құпия орындарда сақтап, оны өткізумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Қылмыстық топтың құрамына 19 бен 26 жас аралығындағы 6 ер адам кіргені анықталды.
«Фигуранттарды ұстауға дейін олардың жасырып үлгерген құпия орындарынан полицейлер синтетикалық есірткі заттары бар түйіншектерді тәркіледі. Мамандардың жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, полиэтилен пакеттерінде шамамен 3 500 бір реттік дозада синтетикалық психотроптық зат болған, - деді ШҚО Полиция департаменті бастығы Сағат Мадиев.
Жедел уәкілдер заңсыз айналымнан 1 келіден астам есірткіні тәркіледі. Тәркіленген есірткі заттардың «қара» нарықтағы құны шамамен 35 млн теңгені құрайды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.