25.11.2020, 16:40

ШҚО-да психотропты заттарды өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Жедел уәкілдер заңсыз айналымнан 1 келіден астам есірткіні тәркіледі.

Шығыс Қазақстан облысы орталығында аса ірі мөлшерде психотропты заттарды құпия орындарда сақтап, оны өткізумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Қылмыстық топтың құрамына 19 бен 26 жас аралығындағы 6 ер адам кіргені анықталды.

«Фигуранттарды ұстауға дейін олардың жасырып үлгерген құпия орындарынан полицейлер синтетикалық есірткі заттары бар түйіншектерді тәркіледі. Мамандардың жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, полиэтилен пакеттерінде шамамен 3 500 бір реттік дозада синтетикалық психотроптық зат болған, - деді ШҚО Полиция департаменті бастығы Сағат Мадиев.

Жедел уәкілдер заңсыз айналымнан 1 келіден астам есірткіні тәркіледі. Тәркіленген есірткі заттардың «қара» нарықтағы құны шамамен 35 млн теңгені құрайды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.