$ 448.89  477.93  4.76

Көлікке жасырылған 10 млн теңге жоғалып кетті

Қыркүйек айында ол туысымен бірге Семейге 9 тонна көкөніс пен жеміс-жидек жеткізеді.

Павлодарда 10 миллион теңгені ұрлады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Қаскөйлер Семей қаласында кәсіпкердің ізіне түсіп, ақша салынған сейфті Павлодарға келгенде ұрлаған.

Қарағанды қаласында тұратын жәбірленуші жүк тасымалдаумен айналысады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қыркүйек айында ол туысымен бірге Семейге 9 тонна көкөніс пен жеміс-жидек жеткізеді. Тауарды сатып, 10 миллион теңге пайда тапқан. Қомақты ақшаны қағаз конверттерге салып, жүргізуші орындығының астында орналасқан темір сейфке жасырған.

"Күдіктілер Семей қаласындағы базарлардың бірінде жәбірленушілердің ізіне түскен. Жедел уәкілдер мұны бейнебақылау камерасының көмегімен анықтады. Кәсіпкердің қомақты ақшасы бар екенін байқаған олар қылмыстық жоспар құрып, оны Павлодарда жүзеге асырған", - деді полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Тонаушылар жүргізушінің дәмханаға тамақ ішуге кіргенін пайдаланып, көліктің терезесін сындырып, 10 миллион теңге жатқан сейфті орындықпен бірге ұрлап кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұсталды. Олардың бірі бұрын сотталған.

Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары