$ 494.87  520.65  4.91

Сенатта «Әлеуметтік кодекс» жобасының тұжырымдамасы талқыланды

Әлеуметтік саясаттың барлық мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырып, нормативтік құқықтық актілерді бір кодексте жүйелеу қажет.

Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев пен Динар Нөкетаева Палата жанынан құрылған Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті. Онда Қазақстан Республикасының жаңа әлеуметтік кодексінің тұжырымдамасы кеңінен талқыланды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚР Парламентінің Сенатына сілтеме жасап хабарлайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазір «Әлеуметтік кодекстің» жобасы әзірленіп жатыр. Заң жобасын дайындау кезінде біз сарапшылардың пікірін ескеруіміз керек. Сондай-ақ әлеуметтік саясаттың барлық мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырып, нормативтік құқықтық актілерді бір кодексте жүйелеу қажет. Бұл, ең алдымен, азаматтарымыз үшін қолайлы», – деді Нариман Төреғалиев.

Депутаттар мен сарапшылар «Әлеуметтік кодексте» зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік көмек пен сақтандыру, әлеуметтік кепілдіктерді, сондай-ақ, минималды әлеуметтік стандарттар мен әлеуметтік тәуекелдерді басқару және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық қатынастардың кең спектрі қамтылуы керек деп есептейді.

«Бұл құжат ең төменгі жалақы, күнкөріс минимумі, кедейлік шегі енетін, оларды қалыптастыру тетіктері айқын және халыққа түсінікті болатын әлеуметтік стандарттарға негізделуі керек», – дейді экономист Асқар Қысықов.

Сонымен қатар Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының өкілдері «Әлеуметтік кодексте» қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бала құқықтарын қорғаудың шаралары белгіленіп, қайырымдылық, еріктілер және әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері ескерілуі керек деген пікір қосты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары