03.12.2020, 17:40

Хабиб Нурмагамедов Қазақстанда өзінің спорт мектептерін ашуға ниетті екенін айтты

Фото: hampionat.com
Айтуынша, алғашқы зал Абу-Дабиде ашылады.

Ешқашан жеңіліп көрмеген жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов спорт залдарын ашу туралы жоспарымен бөлісті. Файтер оларды Қазақстанда да ашуға ниетті екенін жеткізді.

Sports.kz-тің хабарлауынша, әйгілі аралас жекпе-жек шеберіне Абу-Дабидегі спорт залды ашуға қатысты келісімшарттардың қалай жүріп жатқаны жайлы сауал қойылған. Осы орайда Хабиб бірқатар елде спорт кешендері мен клубтар ашу жоспарда бар екенін айта кетті.

Сондай-ақ ол кешеннің қандай форматта (көпбейінді әлде мамандандырылған ред.) болатынына да тоқталды. "Барлығы бірге болады деп ойлаймын. Онда аралас жекпе-жек шеберлері де, енді бастағандар да дайындалады. Бірақ, бізде келісімшарт бар, басты орталықтардың бірі Абу-Дабиде болады. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жазға қарай осы залды ашсақ деп жоспарлап отырмыз", - деді ол.

Айтуынша, алғашқы зал Абу-Дабиде ашылады, ары қарай осы тәжірибеге сүйене отырып, басқа елдерде де жүзеге асырылмақ. Мәселен, залдар Қазақстанда да ашылады деген жоспар бар.

"Біз Дубайда, Индонезияда, Малайзия мен Үндістанда ашамыз. Онда ашқысы келетін адамдар бар. Залдарға өзім барып, шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамын. Одан бөлек, Бішкекте, Ташкентте, Нұр-Сұлтан мен Алматыда, Душанбеде, Бакуде ашпақ ниеттеміз. Сұраныс көп", - деді чемпион.

Хабиб бұл жұмыстарды 2021 жылдан бастап қолға алмақ ниетте. Сонымен қатар спортшы жеке EFC промоушенінің екі турнирін Қазақстан аумағында ұйымдастыруды жоспарлап жүргенін де айта кетті. Олар Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында өтуі мүмкін.

Еске салсақ, 25 қазан күні Абу-Дабиде өткен UFC 254 турнирінде Хабиб Нурмагомедов америкалық Джастин Гэтжи екінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңіп, UFC-тегі 29-шы жеңісіне қол жеткізген болатын.