05.12.2020, 11:40

«Ең қымбат компания»: Тоқаев Путинге Kaspi.kz туралы айтып берді

Фото: akorda.kz
Лондон қор биржасында қалайша ең қымбат қазақстандық компаниялардың біріне айналғанын айтты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинге Kaspi.kz Лондон қор биржасында қалайша ең қымбат қазақстандық компаниялардың біріне айналғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект және деректерге талдау жасаудың өзекті мәселелеріне арналған "Artificial Intelligence Journey" атты онлайн конференцияда сөз сөйледі. 90 елден 28 мыңнан астам адам қатысқан бұл шара әлем бойынша биылғы ең ірі конференция болды.Мемлекет басшысы бірнеше апта бұрын "Сбербанк" жетістіктерімен танысқанын айтты.

"Герман Оскарович Греф (Ресейдегі "Сбербанк" басшысы. - Ескерту.) Нұр-Сұлтанда клиентке бағдарланған, технологиялық тұрғыдан ілгері дамыған қаржылық және өзге де қызметтердің жеткізушісі болу үшін компания жүріп өткен жолды көрсетті. Біз бұлтты технологияларды қоса алғанда, түрлі бағыттар бойынша "Сбермен" тиімді ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз", - деді Тоқаев.

"Біздің өз пионеріміз бар - Kaspi қазақстандық технологиялық компаниясы соңғы жылдарда өз бизнесін дәстүрлі банктен IT-компанияға немесе FinTech-компанияға айналдырды. Бір айдан астам уақыт бұрын Kaspi Лондон қор биржасында IPO-ны сәтті өткізді. Бұл компанияның нарықтық капитализациясы 6,5 миллиард доллар. Осылайша, Kaspi Bank еліміздегі дәстүрлі шикізат бағытындағы компаниялар аясында орналастырудың барлық кезеңіндегі ең қымбат қазақстандық компаниялардың біріне айналды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.