$ 448.89  477.93  4.76

Елжан Біртановтың ісіне қатысты тың ақпарат жарияланды

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың істі болғанына да бір ай толыпты.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы шенділеріне қатысты қылмыстық іске қатысты nege.kz сайты талдау жариялап, көңіл аударарлық көп дерек тапқандарын жазады.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың істі болғанына да бір ай толыпты. Біртановты алдымен тергеу изоляторына қамап, екі күннен соң үйқамаққа шығарды.

Осы бір айдың ішінде абың-күбің әңгіме аз болған жоқ. Қаржы министрлігінің экономикалық тергеу қызметі бұрынғы министрді "500 млн теңгені ысырап жасады" деп айыптады. Естеріңізге сала кетейік, Е.Біртановтан бұрын оның орынбасары Олжас Әбішевке де дәл осындай айып тағылған болатын.

Біртановтың қылмыстық ісінің "құпиясын" ашу үшін алдымен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке қатысты қозғалған істің бүге-шігесін зерттеп көрдік.

НЕГЕ хорваттар?

Айыптаушы органның дерегінше, О.Әбішев интеграциялық платформа жасау үшін әлдебір компанияға 9 млн доллар аудару туралы құжатқа қол қойған, осылайша заңды белден басқан. Ал енді "интеграциялық платформа" деген не? Алдымен осы туралы.

Бұл жобаны үкімет сонау 2008 жылы бастаған. Жобаны жасау үшін Қайта құру және даму халықаралық банкімен келісімге қол қойып, кейін оны Парламент ратификациялады.

Бұл жоба іске асса, қазақстандықтардың денсаулығына, дәрі-дәрмекке, ауруханалардағы бос орындарға, жалпы медицинаға қатысты басқа да деректер бір жерге жинақталып, мүмкіндігі орасан зор сервер құрылатын еді. Мұнша деректі бір қолға жинау үшін барлық медициналық мекемелерді ақпараттық жүйеге қосу керек болды

Бұл не береді? Бұл медицина саласының қыруар шығынан азайтып, қаржыны оңтайлы жұмсауға, қызмет көрсету саласын жетілдіруге, дәрі-дәрмек тапшылығын жоюға септігін тигізуі тиіс еді.

 

А.Цой.

2008 жылы басталған шаруаны Денсаулық сақтау министрлігі жеті жылдан кейін қайтадан қолға алған. Министрлік бүкіл медицинаның дерегін бір жүйеге топтастыруды хорваттың Ericsson Nikola Tesla d.d. дейтін компаниясына сеніп тапсырыпты. Не себепті екені белгісіз, әйтеуір, министрлік 44 компанияның (оның 19-ы шетелдік) ішінен хорваттарды аттай қалапты.

Интеграциялық платформаны жасаушыларды анықтаған конкурстық комиссияның төрағасы кім болды деп ойлайсыз? Елжан Біранов? Олжас Әбішев? Екеуі де емес. Ол – қазіргі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой!

2015 жылы А.Цой вице-министр еді. Хорваттармен 19 млн 950 мың доллардың келісімшартына Біртанов та, Әбішев те емес, Алексей Владимирұлы Цой қол қойған. Ол кезде Біртанов құрылғанына көп болмаған "Мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы" (ЖСО) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы еді. Ал енді серіктес басшысы хорваттарды "желкелеп" әкелуі мүмкін бе?

Хорваттар жұмысқа кіріскен күннен барлық процесті сол кездегі вице-министр А.Цой бақылапты. Келісімшартқа өзгертулер енгізу, қосымша келісімшарт жасау сияқты министрліктің ресми құжаттарында Цойдың қолы қойылған.

Не керек, хорваттар аса қажетті жобаның әбден "сақалы сапсиғанда" ғана – тек 2018 жылы жүйелі түрде қолға ала бастайды. Сол жылы сорына қарай министрлікте ауыс-түйіс болып, "шетел көрген" инженер-программист Олжас Әбішев вице-министр болып тағайындалады да, бағы бес елі Алексей Цой Президенттің іс басқаруындағы медициналық орталық басқармасы басшысының креслосына отырады.

2018 жылдың аяғында О.Әбішевтің төрағалығымен министрліктің 21 адамнан тұратын комиссиясы хорваттардан атқарылған жұмысты қабылдап алады. Екі апта шұқшиған комиссия 7 желтоқсанда жобаны қабылдайды, 12 желтоқсанда Әбішев жұмыстың атқарылғаны жөніндегі актіге, төлем құжатына қол қояды.

2019 жылы 9 қаңтарда жобаны тестілеуден өткізу үшін вице-министр Әбішевтің жетекшілігімен тағы бір комиссия құрылып, «жұмысты бастауға дайын» деген қорытынды жасайды да, 14 қаңтарда кезекті актіге қол қойылады.

Қысқасы, платформаның жұмысы тексеру, кем-кетігін түзеу жұмыстарының басы-қасында Олжас Әбішев жүреді. Мұнда Әбішев қана емес, тәуелсіз сарапшылар, құзырлы органдар, оның ішінде Цифрлық даму, инновациялыр және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті де платформаны ресми мақұлдап, құжатты комитет төрағасы Әлтайыр Уызбаев бекітіпті.

Біртанов қайда?

Шаруа біржақты бола бастады дегенде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік ішкі аудит комитеті тексерген. Олар да платформаны жұмыс істеуге қабілетті деп шешеді. Бірақ аудиторлар 2018 жылдың 22 қазанында министрлік пен хорват компаниясы арасында жасалған келісімшарттан кінәрат тапқандай болған. Бұл – әзірлік жұмыстарын аяқтау жөніндегі құжат. Қойылған қол – вице-министр Әбішевтікі. Тексерушілердің пікірінше, келісім бір көзден алу тәсілімен жасалған және мемлекеттік сатып алу туралы заң бұзылған. Солай болуы да мүмкін еді, егер бағдарламамен қамтамасыз етудің интеллектуалдық құқығы хорват компаниясына басыбүтін тиесілі болмағанда.

Биылғы жылдың шілдесінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі платформаға "іске қосуға дайын" деген сертификат бергені де біраз әңгімеге тұздық.

17 шілдеде екі құзырлы орган – Денсаулық сақтау министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялыр және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған комиссия (төрағасы – О.Әбішев) соңғы актіге тағы қол қойыпты.

 

Е.Біртанов

Бір қызығы, біз тізіп шыққан актілердің ешбірінен Елжан Біртановтың қолын көрмедік. Сонда министр Біртанов қайда болған? Бұл кезде Біртанов коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқан. Олай болса, 500 млн теңгені ол қалай ысырап қылып жүр?

Іс бітті, қу кетті...

Хорваттардың Қазақстанда қаңғып жүрмегенін жоғарыда айттық, келесі жылдың қарашасында платформа жүйесі бойынша қызмет көрсету мен алда-жалда жүйеден кінәрат табылған жағдайда ұстап қалуға тиіс 1,7 млн доллардың кепіл уақыты аяқталады. Жүйе әлі іске қосылған жоқ. Егер іс созылып, алдағы жылда да платформа іске қосылмаса, қыруар қаржы мен көптің еңбегі күйіп кетуі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан хабардар. Кезекті бір сөзінде бұл туралы айтты да. Осы іс төңірегіндегі құйтырқы ойындар созыла беретін болса, жүйе жақын арада іске қосылуы неғайбыл. Өйткені оған мүдделер қақтығысы мүмкіндік берер емес.

P.S.

Қолда бар құжаттардан көптеген қызық жайтты таптық. Бұл деректер бізді ғана емес, заңдылықты қадағалайтын органдар үшін де қызық болса керек-ті.

Қылмыстық істің тасасынан әлдебір азулы топтардың, "аузы дуалы" айтқыш блогерлердің қылтиған құлағын байқағандай болдық. Олардың атын атап, түсін түстеуге әбден болады. Бірақ бұл енді басқа тақырыптың жүгі...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары