$ 447.4  477.55  4.76

Аралдан айырылдық, ендігі кезек Жайықта ма?..

Жем өзені сияқты Жайықтың суы да Каспийге жетпей қалуы әбден мүмкін.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Еуропада Волга мен Дунайдан кейін үшінші орынды алатын Жайық өзенінің халі мүшкіл, деп хабарлады paryz.kz, “Жайық” деректі фильміне сілтеме жасап.

Жайық өзеніне су электр станциясын салғаннан кейін бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын орынға айналған. Бірақ дарияның жоғарғы сағасына бірнеше бөгет пен су қоймасы салынған соң су көлемі азайған. Судың тартылуының негізгі себебі – осы.

Ресей Федерациясының билігі барлық конференцияға қатысқанымен, мәселеге аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Себебі, Жайық – Ресейдің өндірістік орталығы. Өзен жағасында қорғаныс кәсіпорындары орналасқан. Сондықтан су соларға керек болғандықтан, Қазақстанның мәселесіне бас қатырмайды.

Қазір дарияға келетін судың 50 пайызын беретін Ресейдегі Сақмара өзенінде бір су қоймасы бар. Бірақ тағы сондай үш қойма салынбақ. Егер жоспардағы су қоймалары салынса, алдағы 20-30 жылда Жайыққа құятын ағыс мүлдем тоқтауы мүмкін. Сонда Жем өзені сияқты Жайықтың суы да Каспийге жетпей қалуы әбден мүмкін.

Өзен жайылмасында орналасқан көлдерге ылғал жетпей, көбі құрып кетті. Осылай жалғаса берсе, жайылмада өсіп тұрған ағаштар қурап, қабандар, еліктер жойылып кетеді. Ал бұғы қазірдің өзінде жоқтың қасы.

Облыс халқының 75 пайызы жалағауда тұрып, Жайықтың суын ішеді. Әрі Атырау облысынан да осы өзеннің суын пайдаланып отырған адамдар көп.  

Жайықтың жалпы ұзындығы – 2 428 шақырым. Оның 1 082 шақырымы Қазақстан территориясынан ағып өтеді. Егер осы мәселе жақын арада шешімін таппайтын болса Жайық та Арал теңізінің күйін кешеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары