Қызылорда облысында аудандық соттың төрғасы қол астындағы судьяны төсектесі болуға шақырған. Қарамағындағы келіншекті дегеніне көндіре алмаған сот төрағасы қудалауды бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әдетте, қарапайым ел соттан әділдік іздесе, бұл жолы судьяның өзі көптің көмегіне зәру екенін ашық айтты. «Қорлық көрдім» деп хабарласқан Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбайдың айтуынша, оған бастықтары қарауындағы сот істерінен пайда табуды да тапсырған.
«Мен бұл заңсыздықты Қызылорданың өзінде шығара алмайтын болған соң, Шымкент қаласына келдім. Бұрынғы бастықтарым қызметінің өсуіне байланысты ауысып кетті, мен олардың тарапынан ондай әрекетті мүлдем көрген емеспін. Шиелі аудандық сотының төрағасы болып М., Қызылорда облыстық сотының төрағасы болып Қ. 2017 жылы тағайындалды. Сонда маған «Сіз қандай сұлу келіншексіз», «Сіз менімен бірге шай ішесіз бе?», «Жыныстық қатынасқа барсақ, ойнасым бол» деген әңгімелерге тартып, маған ұсыныс жасады. Сосын мен ондай істің болмайтынын ашық айттым. Шиелі соты төрағасының бетіне айтып едім, содан оның бірінші дұшпаны болдым. Содан ол маған жұмыста күн көрсетпеді. Істеріме араласып, әр істен ақша алуды талап етті. Мен бұрынғы бастықтардың тұсында абыроймен жұмыс істегенмін, үстімнен арыз түспеген. Мыналар кемшілік табады, қыспаққа алады», - деді Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбай.
Гүлнұр Құрманбайдың заң саласында жүргеніне 20 жыл, Шиелі аудандық сотының судьясы болып жұмыс істегеніне 8 жыл болған. Аудандық соттың 37 жастағы төрағасы қол астындағы бойдақ келіншекті «қалағанына» көндіре алмаған соң, қыспаққа алған көрінеді. 39 жастағы келіншек басшылықтың мұндай қысымына шыдай алмай, бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығып кеткен. Тіпті, өзіне ерсі ұсыныс жасаған төрағаның әрекетін тізіп, Жоғарғы сотқа да шағымданыпты.
«Олардың дегенін жасамағаным үшін үстімнен арыз түсіртеді. Бұл қудалау емес пе?! «Ана іске, мына іске бұлайша шешім шығарма, ана адаммен сөйлес, мына адаммен сөйлес» деп айтқаны өте көп. Мен олай жасай алмайтынымды ескерткенде, онда маған «көрсететінін» айтты. Ол расымен де «көрсетіп» келе жатыр. Мен шыдай алмай, бала күтіміне байланысты жұмыстан кетіп қалдым. Ол онымен тоқтаған жоқ, үстімнен Сыбайлас жемқорлықа қарсы қызметке арыз жазып, теріс шешім шығарғанымды айтқан. Күшіне еніп кеткен 22 сот ісіне араласты. Ол сот шешімдеріне байланысты үстімнен тараптардан арыз-шағым түспеген, қолдан ұйымдастырды. Сондай жиіркенішті! Шиелі аудандық сотының төрағасы! Оны қорғап отырған облыстық соттың төрағасы! Мен осы бойынша Жоғарғы сотқа арызданғанда, бастықтардың менің орныма құжаттарға қол қойғаны дәлелденді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғаудың орнына, әдеп комиссиясына қарауға жіберді. Ал күні кеше әдеп комиссиясы қандай шешімге келді дейсіз бе? Қызылорда облыстық сотының әдеп комиссиясы аудандық сот төрағасының қылығын қарауға негіз жоқ деп санап, Қамбар Нұрышов істі тоқтатып тастады. Бұл менің бала күтіміне кеткенге дейінгі көрген қорлығым. Бұл қорлық демалысқа кетсем де біткен жоқ. Құқығымды қорғау үшін талай рет жан-жаққа арыз жаздым. Әділдік таба алмағаннан кейін, жаным қысылған соң БАҚ өкілдерінен көмек сұрадым», - дейді судья Г. Құрманбай.
Қызылорда облыстық және Жоғарғы соттың баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты түсініктемені кейін беруге уәде берді.