Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтер жылының жабылу рәсімінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы барлық волонтерлерге ризашылығын білдіріп, еліміз үшін өте қиын шақта еріктілердің аянбай тер төккенін тілге тиек етті.
"Осындай еңбектің арқасында пандемияны да еңсеріп келеміз. Еріктілеріміз ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектесті. Бұл – нағыз ерлік! Сендерді мақтан тұтамын! Өте жақсы бастамалар көтерілді, барлығын қолдаймын. Әсіресе, қоғамдық бақылаушы және эковолонтер ретінде белсенді болғандарың қуантады. Мысалы, Богдан Петровтың ұсыныстарын қолдаймын. Осыдан тура бір жыл бұрын өздеріңізбен бірге Еріктілер жылын ресми түрде ашып, міне, қазір, соның жемісін де көріп отырмыз. Бұл Елбасының бастамасымен өткен Жастар жылының заңды жалғасы болды. Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды", - дейді Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы қайырымдылық жасаудың қазіргі таңда қаншалықты маңызды екенін айтты.
"Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Сондықтан, Волонтер жылының дәл биыл өтуі уақтылы және орынды болды деп санаймын. Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік. Ауқымды жұмыстар атқарып, көптеген жобаны жүзеге асырдық. Барлық аймақта ашылған Еріктілердің фронт-офистерінде маңызды бастамалар көтерілді. Бұл жұмысқа мыңдаған азаматтарымыз атсалысты", - дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы влонтерлер отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсеткенін айтты.
"Расында, жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақ батасы – соның айқын дәлелі. Әрқайсыңыз – шынайы құрметке лайықты нағыз отаншыл азаматсыздар. Мұны еш күмәнсіз, нық сеніммен айтуға болады. Сіздер сияқты жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болмақ. Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашады деп сенемін", - дейді Тоқаев.