Тараздағы ең үлкен көпір "құлауға шақ тұр" деп шағымданған шаһарлықтар, екіге бөлінген өткелді видеоға түсіріп алған. Қаланың екі бөлігін жалғаған жалғыз нысанның апатты жағдайда тұрғаны, күнделікті өткен мыңдаған жолаушыға қауіп төндіруде, деп хабарлайды Stan.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Құны 1,9 млрд теңге болатын облыстағы ең үлкен өткел осыдан үш жыл бұрын салынған. Ал енді құрылыс сыр бере бастаған сыңайлы. Жарықшақтар пайда болып, тұрғындар шошып жүр.
Ені 28, ұзындығы 315 метр болатын құрылыс 2016 жылы басталып, 2018 жылы аяқталған болатын. Шағын аудандар мен Шалғай қарасудың арасындағы жалғыз көпірден бастапқыда күніне 3-4 мың көлік өтеді деген есептелген. Бірақ нысанның төзімділігі талапқа сай емес. Арасы 10 сантиметрге дейін ашылған жарықша қауіпті аймаққа айнала бастаған.
Ал әкімдік өкілдері аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрып, тексерістің болғанын айтты. Нәтижесінде жүргізушілерге қорқатын дәнеңе жоқ деген шешімге келіпті. Қала әкімнің орынбасарының сөзінше, барлығы талапқа сай салынған.
"Ол жерде екі кеңейту түйіні бар. Бүгінгі таңда мердігер тарапынан кеше-бүгін суыққа байланысты сол түйін көлемінің үлкеюіне байланысты қажетті материалдарын жағып қалыпқа келтіру жұмыстарын толығымен аяқтап жатыр. Ол кеңейту түйінің ауыр көліктер болсын, кіші көліктер болсын, адамға ешқандай залалы жоқ. Қауіпсіз деп айтуға болады", – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Арай алқабындағы бұл нысанның құрылысы негізінен кеңестік кезеңде басталған еді. Кейін құр қаңқасы тұрып, бараз уақыттан соң республикалық қаржы есебінен жалғасқан. Әкімдіктің мәліметінше, аталған көпірді әлі 5 жыл бойы мердігер жөндеуге міндетті. Ал 10 см-ге дейін ашылған жерге тек битумды құюды қалыпты процеске балап отыр.